Ғылыми зерттеулер неге өндіріске енгізілмейді? Смайылов жүйелі мәселелерді атады
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Құрылтай отырысында ғылымды дамытуға бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуына жүргізілген аудит қорытындылары туралы баяндады. Тексеру барысында ғылыми жобалардың нәтижесін бағалау, зияткерлік меншік құқығын қорғау және зерттеу нәтижелерін тәжірибеге енгізу бағыттарында бірқатар жүйелі мәселе анықталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, аудит нәтижесі ғылыми жобалардың тиімділігі көбіне формалды көрсеткіштер арқылы бағаланатынын көрсетті. Атап айтқанда, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы жобалардың нәтижелері ғылыми жарияланымдар, зияткерлік меншік объектілерін қорғау құжаттары мен енгізу актілері негізінде қабылданады. Алайда бұл құжаттар зерттеудің жаңалығын, зияткерлік меншік құқығының кімге тиесілі екенін немесе оның іс жүзінде қолданылып жатқанын әрдайым растай бермейді.
Гранттық және бағдарламалық-нысаналы жобалар бойынша 4 мыңға жуық қорғау құжаты қабылданған. Соның ішінде өнертабыс патенттерінің үлесі шамамен 10%, ал еуразиялық және халықаралық патенттер үлесі небәрі 1% болған.
Мәселен, жалпы құны 72 млрд теңгені құрайтын 164 жоба бойынша нәтиже ретінде 336 патенттік өтінім қабылданған. Алайда патент алуға өтінім беру оның берілгенін білдірмейді. Бұдан бөлек, жалпы құны 18 бағдарламалық-нысаналы жоба бойынша ұсынылған 56 патентті оларды іске асыруға қатыспаған ұйымдар алғаны анықталған, - деді Смайылов.
Сондай-ақ жалпы құны 59 млрд теңге болатын 434 жоба бойынша 1 200-ден астам енгізу актісі ұсынылған. Олардың жартысына жуығы оқу үдерісіне қатысты болған. Бұл құжаттар технологиялық, өндірістік немесе өзге де қолданбалы нәтиженің бар екенін дәлелдемейді.
Ғылыми нәтижелер тәжірибеде қолданылмайды
Аудит барысында ғылыми зерттеу нәтижелерін нақты өндіріске және тәжірибеге енгізу мәселесі де назарға алынған. Тексеру көрсеткендей, ғылыми жоба бойынша қорытынды есеп қабылданғаннан кейін оның нәтижелерінің одан әрі қалай пайдаланылатыны жүйелі түрде бақыланбайды.
Атап айтқанда, іріктемелі аудит аясында 60 патент бойынша лицензиялық немесе оларды пайдалануға қатысты өзге де келісімдер болмаған.
Айта кетейік, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата ғылым саласындағы аудит нәтижелерін жариялады.
Белгілі болғандай, Қазақстанда 2023-2025 жылдары бекітілген ғылыми-техникалық тапсырмалардың 149-ы орындалмаған. Оларға 67 млрд теңге қаражат қарастырылған.
Тағы оқи отырыңыз: 2025 жылғы ғылыми жобалар конкурстары 208 күнге дейін кешіктіріліп жарияланған – ЖАП