Ғылым саласында 67 млрд теңгеге жоспарланған 149 тапсырма орындалмаған – Смайылов
Қазақстанда 2023-2025 жылдары бекітілген ғылыми-техникалық тапсырмалардың 149-ы орындалмаған. Оларға 67 млрд теңге қаражат қарастырылған. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Құрылтай отырысында ғылым саласына жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижелерін таныстыру кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, ғылым саласында тұрақты даму саясаты қамтамасыз етілмеген. Атап айтқанда, 2021-2025 жылдары қолданыста болған төрт бағдарламалық құжаттың үшеуі мерзімінен бұрын тоқтатылған.
Сонымен қатар бірқатар нысаналы көрсеткіш төмендетілген. Мәселен, ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бағытталған шығындардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2%-дан 0,5%-ға дейін, зерттеушілер санының өсу көрсеткіші 50%-дан 7%-ға дейін, ал жеке тұлғалардың бірлесіп қаржыландыру үлесі 50%-дан 32%-ға дейін қысқартылған.
Сараптамалық талдау да шешім қабылдау кезінде міндетті түрде ескерілмейді. Ғылым жөніндегі ұлттық баяндама іс жүзінде тоқтатылған. Ал Ғылым академиясының материалдары мен форсайттық зерттеулерді міндетті түрде қарау және іске асыру тетігі жоқ, – деді Әлихан Смайылов.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы ғылыми басымдықтар мен ғылыми-техникалық тапсырмаларды айқындау мәселесіне де тоқталды.
ның сөзінше, басымдықтарды белгілеудің негізгі мақсаты – мемлекеттің шектеулі ресурстарын ескере отырып, нақты міндеттерді іріктеу. Алайда 2025-2027 жылдарға жеті басымдық пен 153 мамандандырылған бағыт бекітілген.
Мұндай тізім басымдық идеясын бұрмалап, кез келген зерттеуді басымдықтар қатарына жатқызуға мүмкіндік береді. Ғылыми-техникалық тапсырма түпкілікті нәтижені, тексеру өлшемшарттарын және енгізу тетіктерін қамтитын нақты басқару тапсырмасы болуы керек, – деді ол.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, іс жүзінде ғылыми-техникалық тапсырмалар бірқатар жағдайда күтілетін нәтижелер мен оларды тексеру өлшемшарттары жеткілікті нақтыланбай, жалпылама түрде әзірленеді.
Бұған қоса, салалық министрліктердің бұл бағыттағы рөлі төмен деңгейде қалып отыр. Олар нақты салалық проблемаларды әрдайым айқындай бермейді, қолданбалы нәтижелер мен оларды пайдалану тетіктерін белгілемейді.
Нәтижесінде ғылыми-техникалық тапсырмалардың едәуір бөлігі расталған салалық сұраныссыз қалыптастырылады. 2023-2025 жылдары бекітілген 393 тапсырманың 67 млрд теңге қаражат қарастырылған 149-ы орындалмаған. Бұл ретте тапсырмалардың іске асырылмау себептеріне талдау да жасалмайды, – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Айта кетейік, бұған дейін Жоғары аудиторлық палата ғылым саласындағы аудит нәтижелерін жариялады.