Гренландия мен Венесуэла: Саясаттанушы Трамптың нені көздеп отырғанын айтты
АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияға қатысты бастамасы мен Венесуэлаға әскери қысым көрсету мәлімдемелері халықаралық деңгейде қызу талқыланып жатыр. Бұл қадамдардың астарында қандай саяси логика бар? BAQ.KZ тілшісі саясаттанушы Жанат Момынқұловқа осы мәселелерге қатысты бірқатар сұрақ қойды.
– Дональд Трамптың Гренландияны АҚШ бақылауына алу идеясы мен Венесуэлаға әскери қысым көрсетуін бір саяси логика аясында қарастыруға бола ма?
Иә, бұл қадамдарды бір-бірінен бөлек қарастыру қиын. Бұлар АҚШ-тың жаһандық ықпалын қайта бекітуге бағытталған кең ауқымды стратегияның бөлшектері сияқты. Гренландия – ол Арктикадағы стратегиялық бақылау нүктесі, ал Венесуэла – энергетикалық ресурстар мен Латын Америкасында ықпал жүргізу үшін маңызды аймақ. Сонымен қатар, бұл әрекеттер Трамптың сыртқы саясатта күш арқылы сигнал жіберу, қарсыластарын психологиялық қысыммен тежеу тәсілін көрсетеді. Яғни, мұнда институционалды американдық стратегия мен Трамптың жеке амбициясы өзара қабаттасып жатыр.
– Бұл саясат АҚШ-тың ұзақмерзімді стратегиясы ма, әлде Трамптың жеке амбициясының көрінісі ме?
Бұл жерде екеуінің де әсері бар. АҚШ тарихында өзіне тиімсіз режимдерге қысым көрсету, тіпті оларды құлатуға ұмтылу бұрыннан бар тәжірибе. Трамп бұл дәстүрді жалғастырып, бірақ оны әлдеқайда ашық, дөрекі және демонстратив түрде іске асырды. Трамптың жеке амбициясы Американың әлсіреп бара жатқан беделін күш арқылы қалпына келтіру, әлемге "АҚШ әлі де шешуші ойыншы" екенін көрсету. Демек, Трамптың қадамдары – ұзақмерзімді стратегиялық мүдделер мен жеке саяси имидждің синтезі.
– Венесуэлаға тікелей әскери қысым мен Мадуроны тұтқындау әрекеті халықаралық құқыққа қайшы емес пе?
Халықаралық құқық тұрғысынан, бұл қадамдар мемлекет егемендігі қағидатына айқын қайшы келеді. БҰҰ Жарғысы бойынша, күш қолдану тек өзін-өзі қорғау немесе Қауіпсіздік Кеңесінің мандаты аясында ғана мүмкін. Венесуэла жағдайында бұл талаптар сақталған жоқ. Алайда, тарихи тәжірибе көрсеткендей, АҚШ халықаралық құқық нормаларын өз мүддесіне қарай икемдеп келген. Ирактағы, Латын Америкасындағы режим ауыстыру кейстері соның айқын дәлелі. Сондықтан бұл әрекетті демократиялық құндылықтарды қорғаудан гөрі геосаяси бақылауды күшейту және әскери қуатты көрсету деп бағалауға негіз бар.
– Трамптың "Венесуэланы уақытша басқарамыз" деуі мен америкалық мұнай компанияларын тарту ниеті нені білдіреді?
Бұл мәлімдемені Монро доктринасының XXI ғасырдағы жаңартылған нұсқасы деуге болады. Латын Америкасын АҚШ-тың ықпал аймағы ретінде сақтау идеясы қайта жанданды. Мұнда мұнай факторы шешуші рөл атқарады. Венесуэла – әлемдегі ең ірі мұнай қорларына ие. Сонымен қатар, бұл қадам аймақтағы Ресей, Қытай және Иран ықпалын әлсіретуге бағытталған. Яғни, бұл әрі Трамптың батыл жеке амбициясы, әрі АҚШ-тың аймақтық үстемдігін қалпына келтіру талпынысы.
– Венесуэла мұнайын бақылау стратегиясы әлемдік энергетикалық нарыққа қалай әсер етуі мүмкін?
Қысқа мерзімде мұнай бағасында күрт өзгеріс болуы екіталай. Нарықта балама жеткізушілер жеткілікті, ал белгісіздік факторы бағаны ұстап тұрады. Бұл алдағы кезеңде Ресейге қысым фактор ретінде қолданылуы мүмкін. Орта мерзімде АҚШ-тың мұнай өндіру және таратудағы рөлі күшейе түсуі мүмкін. Венесуэла ресурстарының американ компаниялар бақылауына өтуі энергетикалық нарықтағы геосаяси теңгерімді АҚШ пайдасына қайта құруға ықпал етеді.
– АҚШ қолдаған уақытша билік Венесуэлада ұлттық келісім орната ала ма?
Бұл өте күрделі мәселе. Қазіргі жағдайды ескерсек, АҚШ қолдаған биліктің сырттан басқарылатын режимге айналу ықтималы жоғары. Уго Чавес дәуірінен қалған ескі элита, әскери блок пен бюрократиялық аппарат толық жойылып кетпейді. Керісінше ықпалы сақталуы мүмкін. АҚШ үшін режимнің демократиялық сипаты екінші орында тұрған жайт. Негізгі мақсат – басқаруға ыңғайлы, геосаяси тұрғыдан өзіне адал, ыңғайлы билік қалыптастыру. Сондықтан демократиялық институттар тез арада орнығады деу шынайылықтан алыс тұжырым.
– Бұл операция Латын Америкасы елдеріне қалай әсер етеді және АҚШ-тың беделіне ұзақ мерзімді зиян келтірмей ме?
Қысқа мерзімде бұл аймақ елдері үшін елеулі шок болды. Көптеген мемлекеттер АҚШ әрекетін агрессия деп бағалады, БҰҰ аясында сын күшейді. Алайда реалистік тұрғыдан қарасақ, Латын Америкасының басым бөлігі экономикалық және саяси тұрғыда АҚШ-пен жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бұл – халықаралық саясаттағы өктем реализмнің көрінісі. Егер БҰҰ реформаланбаса немесе оның рөлі одан әрі әлсіресе, халықаралық құқық жүйесі терең дағдарысқа ұшырауы мүмкін. Мұндай жағдайда жаңа ережелер мен жаңа күш орталықтары қалыптасады. АҚШ-тың бұл саясаты Қытайдың да ғаламдық ықпалының сипатына тікелей әсер ететіні сөзсіз.
– Құнды ақпаратпен бөліскеніңізге рахмет!
Еске салсақ, 3 қаңтарда АҚШ Венесуэлада әскери операция жүргізіп, ел президенті Николас Мадуроны тұтқындады. Ол АҚШ-қа жеткізілгеннен кейін Мадуро мен оның жұбайына "наркотерроризм" айыбы тағылды. Осыдан соң елдің уақытша басшысы ретінде Делси Родригес тағайындалды. Венесуэла саяси дағдарыстың жаңа кезеңіне өтті: бұрынғы көшбасшы биліктен кеткенімен, басқару жүйесі жұмысын тоқтатпаған.
Енді басты сұрақ – елді шын мәнінде кім басқара алады және Венесуэланың саяси картасы қалай өзгереді? Бұл мәселелерді BAQ.KZ тілшісі саясаттанушылармен бірге талдады.
Венесуэладан кейін Дональд Трамп көз тіккен бес ел жайлы да жаздық.
Белгілі болғандай, Трамп өзін Венесуэланың уақытша президенті деп жариялады. Ол Truth Social әлеуметтік желісінде өзіне жаңа қызметті таңып, оның скриншотын жариялады.