12 Қараша 2026, 18:31 Фото: Жамбыл облысының Полиция департаменті

Гранатаны денесімен жапқан батырдың ерлігіне – 15 жыл: Ғазиз Байтасовты Жамбыл жұрты еске алды

2011 жылғы 12 қарашада ол өзгелердің өмірін сақтау үшін өз өмірін құрбан етті. Арада 15 жыл өтсе де, батырдың ерлігі ел жадында.

Жамбыл облысы Полиция департаменті Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы саябақта Халық қаһарманы полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлікпен қаза тапқанына 15 жыл толуына орай еске алу шарасын өткізді.

Тағлымды жиынға департамент басшылығы мен жеке құрамы, құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер және батырдың отбасы қатысты.

Қатысушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті. Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Департамент бастығы полиция генерал-майоры Қайсар Сұлтанбаев өз сөзінде Ғазиз Байтасовтың ерлігі ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.

Оның ерлігі – Отанға адал қызмет пен антқа беріктіктің жарқын үлгісі. Біз батыр есімін әрдайым құрметтеп, ерлігін кейінгі ұрпаққа дәріптеуді жалғастыра беретін боламыз, – деді ол.

Батырдың ұлы Арманжан Байтасов әке есімін ұлықтап, отбасына құрмет көрсеткен барша азаматқа алғысын білдірді.

Еске алу рәсімі полиция қызметкерлерінің салтанатты саптық шеруімен жалғасты.

Айта кетейік, Ғазиз Әбдібекұлы Байтасов Жамбыл облысының Түймекент ауылында дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1992 жылы бастап, осы салада 20 жылға жуық еңбек еткен.

2011 жылғы 12 қарашада ол Тараз қаласында қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, көлік ұрлаған және күштік құрылымдардың бірнеше қызметкерін өлтірген террористі ұстау операциясына қатысты.

Ғазиз Байтасов өз өмірін қатерге тігіп, гранатаны денесімен жауып, адамдарды террористен қорғады. Батыр полицейдің артында жұбайы мен екі ұлы қалды.

Еске салсақ, Ғазиз Байтасов атындағы алғашқы медаль батырдың жұбайына табысталды. Президент тапсырмасымен тағайындалған медаль қызметтік міндетін атқару кезінде ерлік көрсеткен полиция қызметкерлеріне беріледі. Алғашқы медаль батырдың жары Гүлжамал Тәжиеваға табысталды.

2021 жылғы 3 сәуірде Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовқа арналған ескерткіш ашылды.