Граффитиге қатысты талаптар: Сарапшы қандай жол ұсынады?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 19 қыркүйекте Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке ғимараттардың қабырғасына граффити салатын адамдарға қатысты қатаң шара қолдануды тапсырған болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздің қалаларында бұған жол бермеу керек, сондай-ақ әлемде вандализм мен бұзақылықтың сорақы көрінісі саналатын, қоғамдық орындарды бүлдіретін «шығармашылықтың» мұндай түріне толық тыйым салатын заңдық-нормативтік шаралар қабылдаған жөн.
Осыған байланысты BAQ.KZ тілшісі урбанист, қалалық антрополог әрі Gorozhanym қорының жетекшісі Алеся Нугаевадан көше өнерін реттеу жолдары туралы пікірін білдірді.
«Вандализм мен өнердің ара-жігін ажырату керек»
Алеся Нугаеваның айтуынша, Қазақстанда вандализмге қатысты заңнамалық нормалар қазірдің өзінде бар. Сондықтан мәселе тек жазаны күшейтуде емес, көше өнері мен вандализмнің айырмашылығын дұрыс түсінуде жатыр.
Ол бұл мәселеге құқықтық тұрғыдан ғана емес, урбанистика, қалалық антропология және өнер тәжірибесі тұрғысынан да қарау қажет екенін айтты.
Ең бастысы – бәрін тек көркемдік талғаммен бағаламау. Өйткені онда «қай жұмыс өнер, қайсысы өнер емес» деген шешімді кім қабылдайды деген сұрақ туады. Оны қандай өлшеммен бағалайды? Бұл жеке адамның талғамына тәуелді болып кетпей ме? Егер мұндай шешімдерді Ішкі істер министрлігі қабылдайтын болса, онда оның құрамында өнертанушылар, кураторлар, мәдениеттанушылар немесе урбанистер жоқ екенін де ескеру керек, – дейді сарапшы.
Арнайы мәдени институт қажет
Нугаева көше өнеріне қатысты шешімдерді қабылдайтын немесе қоғамдық диалог жүргізетін арнайы мәдени институт құру қажеттігін айтады. Оның пікірінше, стрит-арт авторларына өз жұмыстарын заңды түрде ұсынуға мүмкіндік беретін ашық байқаулар ұйымдастырылуы тиіс.
Стрит-арт суретшілеріне арналған open call жүйесін енгізу маңызды. Байқаулар, фестивальдер, пікірталастар өткізілуі керек. Сонымен қатар халықаралық тәжірибелерді де елге әкелу қажет. Қазіргі заманғы өнер міндетті түрде бәріне әдемі көрінуі шарт емес екенін түсінуіміз керек. Соңғы жүз жылдықтағы өнердің басты міндеті тек эстетикалық сұлулықпен шектелмейді. Көп жағдайда стрит-арт – қоғаммен жүргізілетін диалог, – дейді ол.
Мельбурн мен Берлин тәжірибесі
Сарапшы әлемдік тәжірибеде көше өнерін реттеудің әртүрлі үлгілері бар екенін айтты. Мысалы, Мельбурнда қалалық кеңістікте қандай граффити немесе мурал салуға болатынын анықтайтын арнайы рәсімдер қалыптасқан.
Ал Берлинде мәселе басқаша шешілген.
Берлинде жаңа ғимараттар, аудандар немесе қалалық кеңістіктер жоспарланған кезде стрит-артқа арналған орындар бірден қарастырылады. Яғни қала билігі көше өнерін қалалық ортаның ажырамас бөлігі ретінде мойындайды, – дейді Нугаева.
Оның айтуынша, Қазақстан осы екі тәсілді де зерттей алады. Бір жағынан, жұмыстарды іріктеу тәртібі болуы керек. Екінші жағынан, қалада көше өнеріне арналған арнайы орындар алдын ала қарастырылғаны жөн.
Стрит-арттан толық құтылу мүмкін емес. Бұл адам ағзасындағы маңызды мүшені қажетсіз деп санап, алып тастауға тырысқанмен бірдей. Көше өнері – қалалық өмірдің бір бөлігі, – дейді ол.
Көше өнері – қоғамның айнасы
Қалалық антрополог көше өнерінің мәдени және әлеуметтік маңызын да атап өтті. Оның сөзінше, тұрғындарға кейбір жұмыстар ұнамауы мүмкін. Алайда олар белгілі бір кезеңдегі қоғамның көңіл күйін, құндылықтарын және мәселелерін көрсетеді.
Көшедегі өнер біз өмір сүріп отырған уақыттың, мәдениеттің және қоғам алдында тұрған сын-қатерлердің көрінісі. Суретшілер осы өзгерістерге өте сезімтал келеді және оларды өз жұмыстарында көрсетеді. Сондықтан стрит-артты белгілі бір кезеңнің лакмус қағазы деуге болады, – дейді Нугаева.
Көше өнерін заңдастырудың қандай жолдары бар?
Сарапшының пікірінше, егер қала билігі стрит-арттың маңызын мойындаса, онда оған арналған нақты рәсімдер де болуы керек. Мысалы, ғимарат иесінің келісімін алу тәртібі белгіленіп, соның негізінде қабырғаға сурет салуға рұқсат берілуі мүмкін.
Сонымен қатар ол стрит-арт нысандарының арнайы тізілімін жасауды ұсынады.
Мұндай тізілім көше өнерін қорғауға көмектесер еді. Қазір президенттің мәлімдемесінен кейін коммуналдық қызметтер көркемдік немесе мәдени құндылығы жоғары жұмыстарды да бояп тастауы мүмкін деген қауіп бар. Оның ішінде халықаралық суретшілердің туындылары да бар. Сондықтан мұндай жұмыстардың арнайы реестрін жасап, оларды заңды түрде қорғау маңызды, – дейді ол.
Нугаеваның айтуынша, мұндай база кейін жөндеу жұмыстары немесе басқа да өзгерістер кезінде даулы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Сарапшы ең қауіпті сценарийдің бірі – көше өнеріне толық тыйым салу екенін айтты.
Толық тыйым салу – қайнап тұрған шәйнектің қақпағын жауып қойғанмен бірдей. Бұл шығармашылық адамдар мен жастарды өз ойын еркін жеткізу мүмкіндігінен айырады. Ол пікір әрдайым мемлекеттік күн тәртібімен сәйкес келмеуі мүмкін. Бірақ дәл осындай диалог қалалық өмір үшін маңызды, – дейді ол.
Оның сөзінше, қоғам әртүрлі пікірлерді естуге және олармен жұмыс істеуге дайын болуы керек.
Біз стрит-артты толық бақылауға ала алмаймыз. Кез келген тыйымның салдары болады. Сондықтан мемлекет мұндай шешімдердің ұзақ мерзімді әсерін жақсы түсінуі қажет. Өйткені бұл жастардың мәдени пікір білдіруінің бейресми арналарының бірін жоюға алып келуі мүмкін, – деп түйіндеді Алеся Нугаева.
Еске салсақ, бұған дейін Абай облысында полиция бір апта ішінде елді мекендердегі 114 граффити жазуын жойғаны хабарланды. Олардың 60-ы есірткі заттарын насихаттайтын наркограффити болған.