Біз «голландтық ауруға» ұшырадық – қаржы сарапшысы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ел экономикасын не күтіп тұр? Қаржы инвестициялаудың басты принципі қандай? Доллар бағамы қалай құбылуы мүмкін? Осы және өзге де сауалдарға экономист, қаржы саласының кеңесшісі, Financial Freedom қоғамдық қорының директоры Расул Рысмамбетов жауап берген еді.

Тілші: «Бір доллардың құны 500 теңге». Жыл соңына дейін мұндай сценарий орындалуы мүмкін бе?

Расул Рысмамбетов: Курс бағамын нақты болжау мүмкін емес. Өйткені долларға шаққандағы теңге бағамы еркін айналымда. Сондықтан ол теңгенің және доллардың күшімен анықталатын жағдай. Жалпы, дәл қазіргі ситуацияда курсты болжау дұрыс емес. Қаржы нарығының құбылып тұрғаны соншалық, ертең не болары белгісіз. Сондықтан алдын ала елді дүрліктірудің қажеті жоқ. Ұлттық банк теңгені еркін айналымға жіберді. Енді оның бағамын әлемдегі нарықтық жағдайлар басқарады.

Тілші: Жуықта Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы 2021 жылы мұнай бағасының біртіндеп өсуі мен ішкі экономиканың қалпына келуі жылдық инфляцияның 4-6 пайыз дәлізінің жоғарғы шекарасында қалыптасуына негіз болады деген болжам айтты. Ал сіздің болжамыңыз қандай?

Расул Рысмамбетов: Мұнай құны 50 доллардан жоғары болып, Президенттің экономикаға қатысты барлық тапсырмасы орындалса, инфляция 6-7% дәлізінің шекарасынан сәл жоғары болуы мүмкін. Алайда, мұнай бағасы өспесе, әлемдегі ірі сауда даулары өрши түссе, тұрақсыздық сақталса, бұдан жоғары болуы да мүмкін. 10 көрсеткішінен асып кетсе де таңқаларлық жағдай болмайды. Теңгенің күйі қазір күрделі. Валюта экономиканың көрсеткіші. Ол әлсіз болса, теңге мықты бола алмайды. Ең бастысы Ұлттық банк болжамды дер кезінде, қазіргі жағдайға байланысты жасап отыр. Қыркүйекте жағдай ушығуы немесе жақсаруы мүмкін. Соған сай болжамдар да өзгереді. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріне енді карантин енгізбеу жөнінде ұсыныс айтты. Олардың пікірінше, пандемияның салдарынан, әлем үшін экономикалық құлдыраудың салдары ауыр болуы мүмкін. Қазақстан оның салқынын қаншалықты сезінуде? Ел экономикасын дағдарыс күтіп тұр деген жұрт болжамы қаншалықты рас?

Расул Рысмамбетов: Пандемия елде онсыз да бар мәселені тек ушықтырды. Қазақстан мұнайға тәуелді. Оның бағасы құбыла бастаған сайын тақымымызды қысып отырамыз. Ел экспортың 75 пайызын шикізат құрайды. 2008 жылдың дағдарысынан кейін біз экономикамыздың тым шикізаттық екенін байқай бастадық. Оған дейін мұнай экпортына сеніп, шығындарымызды асырып жібердік. Содан 2013 жылы мұнай бағасы тағы көтеріліп, баррель үшін 140 доллар болды. Кешегі жағдайымызды ұмытып, көзімізде тағы от пайда болды. Бірақ бұл кезде шикізаттық «голландтық ауруды» жұқтырып алған едік. Содан оңалмадық. 12 жылдан бері жалғасып келе жатқан дағдарысты пандемия тек күрделендіріп жіберді. Сондықтан қордаланған мәселелер шешілмей, бәрі бірден жақсарып кетеді деу қиын. Карантин салдарын әлемнің көптеген елі сезініп жатыр. Бізде де экономикалық көрсеткіштердің төмендеуі заңдылық. Көптеген бизнес жабылады, ал Үкімет Ұлттық қордан қаржы алуға мәжбүр болады. Назарымыз қорда. Қазір ақшаны қалай табамыз, экономикамызды өзге бизнес үшін қалай ыңғайлы етеміз, сол туралы ойлануымыз керек еді.

Тілші: «Голландтық ауру» туралы ашып айтсаңыз...

Расул Рысмамбетов: Бұл термин Нидерландыда ХХ ғасырдың 50-60 жылдары табиғи газдың біршама қорының ашылуымен байланысты. Бұл экономиканың экспорттық секторының құрылымына теріс ықпал етті. Қолда бар инвестициялық құралдарды шикізат тауарларын өндіру мен тарату секторына бұру және экономикалық қызметтің басқа салаларын бәсекеге қабілетсіз ету соның көрінісі. Бұл жағдай, әсіресе, экспортталатын ресурстардың күннен күнге өсетін құны кезінде көрінеді. Осылайша, «голландық ауру» газ немесе мұнай секілді белгілі бір табиғи ресурсты экспорттау көлемінің біршама артуы нәтижесінде туындайды.

Тілші: Карантиннен зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдау шаралары жеткілікті атқарылып жатыр ма? Сіз нақты қандай механизм ұсынар едіңіз? Әлем елдері бұл тығырықтан қалай шығуда?

Расул Рысмамбетов: Қазір Үкімет контрциклдік тәсілді қолданып отыр. Бұл өте дұрыс және логика қайшы келмейтін қадам. Халыққа түсінікті болу үшін халықаралық тәжірибеде мемлекеттің ақшалай-кредиттік мақсаты мен экономикалық жағдайын қаржылық реттеудің проциклдік және контрциклдік тәсілі болатынын түсіндіріп өтейін. Бірінші жағдайда орталық банк немесе өзге қаржылық бақылау органы қаржылық реттеудің стандартын экономиканың циклдығын ескермей жасайды. Нәтижесінде, банк жүйесі түрлі «шок» жағдайын бастан кешіреді, өйткені кризис кезінде онсыз да құлдыраудың аз-ақ алдында тұрады. Бұл тәсіл 2008 жылдан бері өзектілігін жоғалтты. Сол кездегі әлемдік экономикалық дағдарыстың бір себебі де сол деген болжам бар. Ал контрциклдік тәсіл күрделі болғанымен, бақылаушы органдардың реттеу шаралары кризистің алдын алу мен оның шығындарын төмендетуге бағытталған.

Өкінішке қарай қазір қандай тәсілді қолдансақ та, барлық шағын және орта бизнесті сақтап қалу мүмкін емес. Біреулері қиындықты өткерер, ал біреулері сол күйі жабылып қалар. Бұл барлық әлемде орын алып жатқан жағдай. 

Тілші: Доллар бағамының өсуі елде тұрғын үйдің қымбаттауына әкеліп соқты. Халықтың төлем қабілетінің төмендеуі, тұрғын үй бағасының арзандауына алып келеді деген болжам қаншалықты шындыққа жанасады?

Расул Рысмамбетов: Бұл жерде екі компонент бар. Елдегі көпқабатты тұрғын үйдің өзіндік құнының 50 пайызы долларға байланысты болғандықтан, құрылыс материалдары да доллармен сатып алынатындықтан тұрғын үй бағасының төмендеуін күту қисынсыз. Ал жаңа үйлердің сапасына қатысты сын көп болғандықтан, көбі сапалы ескі үйлерде тұрғысы келеді. Сондықтан оларға деген сұраныстың азаймауына себеп бар.

Тұрғын үй бағасы тек нарықта сұраныстан ұсынысы екі есе өскенде ғана арзандауы мүмкін. Бірақ оның өзінде баға аса төмендей қоймайды. Өйткені көптеген баспана қарыз ақшаға салынған. Ал ең ірі несие беруші – ол мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары. Ондай жағдайды бағаның төмендеуі мемлекетті шығынға ұшыратады.

Тілші: Қазіргі жағдайда артық ақшаны қайда инвестициялаған дұрыс? Теңге құлдырап бара жатса, депозитте ұстау қаншалықты тиімді?

Расул Рысмамбетов: Ақшаны инвестициялау деген ғылым мен өнер. Адам бір жерге ақшасын инвестициялау кезінде оның миында өзінің банк депозиті мен мөлшерлемесі болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, ақшаны қай жерге салмасаңыз да сенімді банкке депозитке салғаннан да көбірек табыс табуыңыз керек. Қазақстанда бұл норманы 20 пайыз деп алуға болады. Демек, әр салынған 1 млн теңге сізге 200 мың теңге пайда әкелуі керек. Кез келген іске, депозитке, құнды қағазға ақша салсаңыз 20 пайыз өсім болмаса, ол инвестиция емес. Әдетте адамдар ұсақ қызмет пен саудамен айналысқанда да осыны ескермейді. Детальдарға назар аудармайды, сауда үшін мұндай табыс қалыпты деп ойлайды. Алайда, әр адам өзі шешуі керек.

Құнды қағаздарға инвестиция салу. Бұл бөлек әңгіме. Оған ақша салмас бұрын барлық плюс, минустарды зерттеп алу қажет. Сосын маман кеңесінсіз мұндай қадам жасамау керек. Нарықта алаяқтық схемалар көп, бір сәтте бүкіл қаржыңыздан қалай айырылып қалғаныңызды білмей қалуыңыз ғажап емес.

Сондықтан ең түсінікті инвестиция – ол өзіңе, біліміңе салынған қаржы, банк депозиттері, өз бизнеске құйылған ақша.

Тілші: Сұхбатыңызға рахмет!
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы