Германиядағы жантүршігерлік атыс: Алты адамның өліміне күдікті ұсталды
Қайғылы оқиға әлеуметтік мекемеде қамқоршылық мәселесін талқылау кезінде болған. Күдіктіге алты адамды өлтірді деген айып тағылды.
Германияның Гамбург қаласының батысындағы Штаде қаласында кәмелетке толмағандарға арналған әлеуметтік мекемеде болған атыс салдарынан алты адам қаза тапты. Қайғылы оқиғаға күдікті 45 жастағы ер адам қамауға алынды. Бұл туралы dpa-international агенттігі хабарлады.
Тергеу мәліметінше, жергілікті сот күдіктіні алты адамды қасақана өлтірді деген айыппен қамауға алу туралы санкция шығарған. Ол – Германияда туған, Түркия азаматы.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға баласына қатысты қамқоршылық мәселесін талқылауға арналған кездесу кезінде болған. Күдікті әлеуметтік қызметкерлермен және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі басқарма өкілдерімен кездесу барысында өзімен бірге алып келген қарудан оқ жаудырған.
Салдарынан төрт әйел мен екі ер адам көз жұмды. Қаза тапқандардың қатарында өңірлік кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі басқарманың үш қызметкері және әлеуметтік мекеменің мамандары бар.
Полицияның хабарлауынша, күдікті оқиғадан кейін көлікпен қашуға әрекеттенгенімен, көп ұзамай ұсталған. Тергеу барысында оның атыс қаруын иеленуге рұқсаты болмағаны анықталды. Қандай қару қолданылғаны әзірге жарияланған жоқ.
Оқиға кезінде күдіктінің 34 жастағы серіктесі мен олардың үш айлық қызы зардап шекпеген. Сәби уақытша кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі басқарманың қарауына берілді.
Қазіргі уақытта криминалистер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Германия канцлері Фридрих Мерц қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтып, бұл жаңалықтың өзін «қатты күйзелткенін» мәлімдеді.