Ғалым марапаттың маңызы мен Қазақстандағы ғылымның дамуы туралы айтты
Қазақстанда Ғылым қызметкерлерінің күні жыл сайын 12 сәуірде атап өтіледі. Бұл дата отандық ғалымдардың ел дамуына, ғылыми әлеует пен инновацияның өркендеуіне қосқан үлесін мойындаудың белгісі саналады. Осы мереке қарсаңында түрлі саладағы ілгерілеуге үлес қосып жүрген зерттеушілер, оқытушылар мен мамандарға құрмет көрсетіледі.
Осы күні еңбегі еленген қазақстандық ғалымдардың қатарында профессор, Басқарма мүшесі, "Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті" КЕАҚ-тың корпоративтік басқару және стратегиялық жоспарлау жөніндегі проректоры Ержан Көлдеев бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ержан Көлдеевке "Құрмет" орденін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табыстады.
Ержан Күлдеев – Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің түлегі. Оның кәсіби жолы осы оқу орнымен тығыз байланысты. 36 жыл ішінде ол студенттен бастап жоғары оқу орнының жетекшілерінің біріне дейінгі жолдан өтті. Осы уақыт аралығында ол отандық ғылымның дамуына, жоғары білім беру жүйесінің жетілуіне, сондай-ақ университеттегі корпоративтік басқару мен стратегиялық жоспарлауды жетілдіруге елеулі үлес қосты.
Бүгінгі күн мен үшін ерекше, шын мәнінде тарихи сәт. Мемлекет басшысының қолынан “Құрмет” орденін алу – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Осы жоғары марапат үшін Президентке шынайы алғысымды білдіремін. Бұл – отандық ғылым мен ғалымдарға деген үлкен сенім мен құрметтің белгісі. Осы марапатты мен жеке жетістігім деп емес, Satbayev University ғылыми ұжымының, ұстаздарым мен әріптестерімнің, еліміздегі ғылымның дамуына үлес қосып жүрген барша жандардың ортақ еңбегінің нәтижесі деп қабылдаймын, – деді Көлдеев.
Саланың дамуына тоқталған ғалым соңғы жылдары Қазақстанда ғылым мен білімге жаңа серпін беріліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, елде инженерлік хабтар құрылып, технологиялық парктер дамып келеді, ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс нығайып, нақты нәтижелер бере бастаған.
Ол Satbayev University-дің де осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтіп, іргелі зерттеулерді экономиканың нақты секторымен ұштастырып отырғанын айтты. Соның бір мысалы ретінде құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыттың іске қосылуын атады.
Сонымен қатар, Ержан Көлдеев "Ғылым және технологиялық саясат туралы" заңның қабылдануы ғылымды дамытуға, жас ғалымдарды қолдауға және ұлттық ғылыми экожүйені қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер ашқанын жеткізді.
Қорытындылай келе, Ержан Күлдеев жоғары мемлекеттік марапаттың өзі үшін үлкен сенім ғана емес, отандық ғылым мен ел игілігі жолында одан әрі еңбек етуге серпін бергенін айтты.
Бұл марапат – зор сенімнің белгісі. Мен осы сенімді ақтау үшін бар күш-жігерімді саламын. Ғылымды дамытып, жаңа технологияларды енгізіп, елдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға еңбек етемін. Тағы да шынайы алғысымды білдіремін. Еліміз өркендеп, халқымыз аман-есен, бейбіт әрі бақуатты өмір сүре берсін! – деді ол.
Айта кетейік, ғалым Жандос Тауанов Президент қолынан медаль мен марапаттың жігер беретінін айтқан еді.