Гаити президентін өлтіруі мүмкін деген күдікпен төрт адам атылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Гаити полициясының басшысы Леон Шарль бейсенбіге қараған түні күштік құрылымдар президент Жовенель Моиздің өліміне қатысы бар делінген төрт адамды атып өлтіріп, тағы екі адамды ұстады деп мәлімдеді.
Азаттықтың мәліметіне қарағанда, Шарль шабуылдаушылар полицияның үш қызметкерін кепілге алғанын айтқан. Алайда Гаити астанасы Порт-о-Пренстегі операция кезінде босатылған.
Президент Жовенель Моизді өлтірді делінген адамдарды бүгін ұлттық полиция ұстады - деп жазды байланыс министрі Франц Экзантус Twitter-дегі парақшасында.
Президентке шабуыл 7 шілдеде жасалған. Бір топ адам президент резиденциясы аумағына кіріп, президент Жовенель Моизға оқ атқан. 53 жастағы Моиз сол жерде көз жұмған. Оның әйелі Мартин Моиз да жарақаттанған. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты ауыр деп бағалайды. Гаитидің Вашингтондағы елшісі Бокчит Эдмондтың айтуынша, Мартин Моиз емдеу үшін АҚШ-қа жеткізілген.
BBC ақпарат агенттігінің хабарлауынша, шабуылдың ертесінде билік қылмысқа қатысты ақпарат таратқан. Премьер-министрдің міндетін атқарушы Клод Жозеф шабуылдаушылардың шетелдіктер екенін және өзара ағылшын мен испан тілдерінде сөйлескенін айтты. Гаитидің АҚШ-тағы елшісінің сөзіне қарағанда, шабуылдаушылар АҚШ-тың есірткімен күрес басқармасының агенттеріне ұқсас киінген. Бұл олардың президент резиденциясының аумағына кіруін жеңілдеткен болуы мүмкін. АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі америкалық агенттердің Моиз өліміне қатысы жоғын айтты.