G7 елдерінің көшбасшылары Трамптың Иранмен соғысты тоқтату жоспарын қолдады
Әзірге Ақ үй де, Иран билігі де келісім мәтінін ресми түрде жариялаған жоқ.
Сәрсенбі күні өткен саммитте "Үлкен жетілік" (G7) елдерінің көшбасшылары АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иран арасындағы Ормуз бұғазын қайта ашу және уақытша бітімді ұзарту жөніндегі алдын ала келісімді қолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Түнде жарияланған бірлескен мәлімдемеде G7 көшбасшылары бұл келісімді "Иранның ядролық қаруға қол жеткізуінің алдын алуға және оның аймақтағы әрі баллистикалық қызметіне байланысты қауіп-қатерлерге қарсы тұруға мүмкіндік беретін тарихи мүмкіндік" деп атады, деп жазады APNews.
Сондай-ақ олар келісімді жүзеге асыруға атсалысуға дайын екендерін мәлімдеді. Алайда әзірге Ақ үй де, Иран билігі де келісім мәтінін ресми түрде жариялаған жоқ.
БАҚ-қа тараған аралық келісімнің көшірмелеріне сәйкес, құжатқа қол қойылғаннан кейін Иран Ормуз бұғазының жұмысын қайта қалпына келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдауы тиіс. Сонымен қатар Тегеранға мұнайын ешқандай шектеусіз сатуға мүмкіндік беріледі. Ресми тұлғалардың айтуынша, жарияланған мәтін түпнұсқа құжаттың мазмұнына негізінен сәйкес келеді.
Келісімге ресми түрде жұма күні Швейцарияда қол қою жоспарланған. Құжатқа сәйкес, Иранның ядролық бағдарламасы бойынша түпкілікті мәмілеге қол жеткізілген жағдайда АҚШ Тегеранға қарсы енгізілген америкалық және БҰҰ санкцияларын алып тастауға күш салады.
Сонымен қатар Дональд Трамп келісімнің мән-жайы әзірге құпия сақталып отырғанын айтты. Ол бұл туралы Мысыр президенті Абдель Фаттах әс-Сисимен жеке кездесуі кезінде мәлімдеген.
Ол сондай-ақ:
Бұл өзара түсіністік туралы меморандум. Егер маған ұнамаса, біз қайтадан оларға оқ жаудырып, бомба тастай бастаймыз, – деп мәлімдеді.
Саммиттің соңғы күні кеш басталды. Жиынға ең соңғы болып келген Трамп залға кіріп, Франция президенті Эммануэль Макронның жанына отырып:
Мұнда басты адам – менмін, – деп әзілдеген.
Жиналған көшбасшылар күліп, Трамп жымиып қойған.
Франция Альпілеріндегі көл жағасындағы курортта өткен G7 саммитінің соңғы күнінде көшбасшылар жасанды интеллектінің болашағы мен экономикалық өсімді ынталандыру мәселелерін талқылады.
Дегенмен келісімді G7 елдері қолдағанымен, Трамп әлі де өз партиясындағы кейбір саясаткерлерді оның тиімді екеніне сендіруі керек. Олар бұл мәміле Иранның ядролық бағдарламасын әлсірете алатынына күмәнмен қарайды.
Сонымен қатар халықаралық қауымдастық Трамптың Ормуз бұғазын мұнай танкерлері үшін қайта ашу және оның қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі уәдесін орындауын күтіп отыр.
Айта кетейік, Иранмен соғыс басталғанға дейін әлемдегі мұнай мен табиғи газ саудасының шамамен бестен бірі Ормуз бұғазы арқылы тасымалданған. 28 ақпанда басталған қақтығыстың алғашқы күндерінен бастап Иран бұл стратегиялық теңіз дәлізінің жұмысын іс жүзінде тоқтатқан болатын.
Еске салайық, саясаттанушы, халықаралық қатынастар сарапшысы Риззат Тасым BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында қазіргі жағдайды талдаған болатын.
Оқи отырыңыз:
АҚШ пен Иран келісімінен кейін Нетаньяху мен Трамп арасындағы келіспеушілік күшейді