12 Маусым 2026, 00:13 Фото: скрин

Үш ел, 48 құрама, 104 матч: Футболдан Әлем чемпионаты басталды

Төрт жылда бір келетін футбол басталды. 2026 жылғы Әлем чемпионатының ең басты ерекшелігі – үш ел, 48 құрама және 104 матч. Бұл әлем чемпионатын футбол тарихындағы ең ерекше турнирлердің біріне айналдырмақ және болашақта аяқдоп дүбірінің дүниежүзіндегі даңқын асырады.

Футболдан әлем чемпионаты – жер шарындағы ең танымал әрі ең көп көрермен жинайтын спорттық жарыс. Төрт жылда бір рет өтетін дүбірлі дода алғаш рет 1930 жылы Уругвайда ұйымдастырылды. Сол кездегі алғашқы әлем чемпионатына 13 құрама қатысып, турнир жеңімпазы атанған Уругвай құрамасы тарихқа енді.

Содан бері әлем чемпионаты футболдың басты мерекесіне айналып, ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Ал 2026 жылғы мундиаль бірнеше көрсеткіш бойынша тарихтағы ең ірі турнир болғалы отыр.

Тарихтағы 23-ші әлем чемпионаты

2026 жылғы жарыс футболдан әлем чемпионатының 23-ші турнирі болады. Чемпионат 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтеді. Финалдық матч АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы Истер-Ратерфорд қаласында орналасқан MetLife стадионында ұйымдастырылады.

Бұл әлем чемпионаты тарихта алғаш рет бірден үш мемлекетте – АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Бұған дейін мундиальды екі елдің бірге қабылдаған тәжірибесі болғанымен, үш елдің бірлесіп ұйымдастыруы алғаш рет жүзеге аспақ.

Неліктен үш мемлекет қабылдайды?

Бастапқыда АҚШ, Канада және Мексика турнирді өткізу құқығына жеке-жеке таласуды жоспарлаған. Алайда кейін күш біріктіріп, ортақ өтінім ұсынды.

Мұндай шешімге әлем чемпионатының ауқымы әсер етті. Егер 2022 жылы Қатарда өткен мундиальға 32 құрама қатысса, енді олардың саны 48-ге жетті. Матчтар саны да күрт көбейіп, 64 ойыннан 104 кездесуге дейін артты.

Сондықтан турнирді өткізуге кететін шығындар мен ұйымдастыру жұмыстары бірнеше мемлекет арасында бөлінді. Оның үстіне Солтүстік Америка елдері FIFA талаптарына сай дайын стадиондар мен инфрақұрылымды ұсына алды.

Әлем чемпионатының жаңа форматы

2026 жылғы әлем біріншілігінің басты жаңалығы – қатысушылар санының артуы.

Турнирге алғаш рет 48 ұлттық құрама қатысады. Олар төрт командадан құралған 12 топқа бөлінеді. Әр құрама топтық кезеңде үш матч өткізеді.

Плей-офф кезеңіне әр топтан алғашқы екі орын алған құрамалар, сондай-ақ үшінші орын иеленгендердің ішіндегі үздік сегіз команда шығады. Осылайша, турнирдің шешуші кезеңі 1/16 финалдан басталады.

Мамандардың пікірінше, жаңа формат фавориттердің плей-оффқа шығу мүмкіндігін арттырып, ерте кезеңдегі сенсациялардың санын азайтуы мүмкін.

Рекордтық 104 матч

ӘЧ-2026 тағы бір тарихи көрсеткішпен ерекшеленеді. Турнир барысында барлығы 104 матч өтеді. Бұл әлем чемпионаттары тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

Жарыс АҚШ, Канада және Мексиканың 16 қаласындағы 16 стадионда ұйымдастырылады. Матчтардың басым бөлігі АҚШ-та өтеді. Мұнда 78 ойын жоспарланған. Ал Канада мен Мексика 13 кездесуден қабылдайды.

Ширек финал, жартылай финал және финал секілді шешуші ойындардың көпшілігі де АҚШ аумағында өтеді.

Мундиальды қабылдайтын қалалар

АҚШ-тағы матчтар Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Майами, Даллас, Атланта, Сиэтл және басқа да ірі қалаларда өтеді.

Мексика Мехико, Гвадалахара және Монтеррей қалаларындағы стадиондарды ұсынады. Әсіресе Мехикодағы аты аңызға айналған «Ацтека» стадионы әлем чемпионаты тарихындағы ерекше ареналардың бірі саналады.

Ал Канада өз тарихында алғаш рет әлем чемпионаты ойындарын қабылдап, матчтарды Торонто мен Ванкувер қалаларында өткізеді.

Дебютанттар мен фавориттер

Биылғы әлем чемпионатының тағы бір ерекшелігі – бірнеше құраманың финалдық кезеңге алғаш рет жолдама алуы. Олардың қатарында Өзбекстан, Кюрасао, Гаити және Конго құрамалары бар.

Сарапшылардың бағалауынша, басты фавориттер қатарында қазіргі әлем чемпионы Аргентина, сондай-ақ Франция, Испания, Англия, Бразилия, Португалия және Германия құрамалары бар.

Ал Норвегия, Марокко және Сенегал құрамалары турнирдің басты тосынсый командалары болуы мүмкін.

Аңыз футболшылардың ақырғы мүмкіндігі ме

2026 жылғы әлем чемпионаты бірқатар футбол жұлдыздары үшін соңғы мундиаль болуы ықтимал.

Жанкүйерлер Лионель Месси, Криштиану Роналду, Лука Модрич, Мануэль Нойер және Кевин де Брёйне сынды футбол аңыздарының ойынын тағы бір мәрте тамашалауы мүмкін.

Болашақтағы жаңа рекорд

Айта кетерлігі, FIFA әлем чемпионаттарының ауқымын одан әрі кеңейтіп келеді. Мәселен, 2030 жылғы мундиаль тарихта алғаш рет үш құрлықтағы алты мемлекетте – Уругвай, Аргентина, Парагвай, Марокко, Испания және Португалияда өтеді.

Ал әзірге футбол әлемінің назары 2026 жылғы рекордтар мундиаліне ауып отыр. Үш ел, 48 құрама және 104 матч – алдағы әлем чемпионатын футбол тарихындағы ең ерекше турнирлердің біріне айналдырмақ.

Күллі әлем көз тіккен әлем чемпионаты басталды.

Ашылу рәсімі Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионында өтіп жатыр. Іс-шара барысында Шакира, Бурна Бой, Джей Бальвин сынды әлем жұлдыздары өнер көрсетеді.Биылғы турнирді үш ел қабылдап отыр. Әр мемлекет өз стадионында жеке ашылу шоуын ұйымдастырады.
Жалпы додаға 48 құрама қатысып, 104 матч өтеді. Тартысты бәсеке «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Айта кетейік, бұған дейін футболдан әлем чемпионатындағы барлық матчтардың кестесін жарияладық.