22 Қазан 2026, 11:50 Фото: Reuters

Франциядағы толқулар: Туристік нарық шығынға ұшырауда

Франциядағы тәртіпсіздіктер туризмге кері әсерін тигізуде: қонақүйлер тапсырыстардан айырылып жатыр.

Франциядағы жаппай тәртіпсіздіктер туризм нарығына кері әсерін тигізе бастады. Париж қонақүйлері броньдау қарқынының баяулағанын тіркеуде, ал сала өкілдері ұзаққа созылған толқулар шетелдік қонақтарды шошытып ала ма деп қауіптенеді.

«Қала ішіндегі, атап айтқанда Ницца, Париж және Лиондағы мұндай зорлық-зомбылықтың өршуі – нағыз апат», – деп мәлімдеді ADN Tourisme федерациясының басшысы Кристель Кассань.

Оның айтуынша, туристер демалысын төрт қабырғада қамалып өткізу үшін қонақүйге келмейді.

Броньдау көрсеткіштерінің төмендеуі

MKG Consulting деректеріне сәйкес, париждік қонақүйлерде соңғы алты аптада қонақүйлерді броньдау баяулағаны байқалады. 19-20 қазан аралығындағы бір тәулік ішінде 2025 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғандағы броньдау артықшылығы айтарлықтай азайды:

20-29 қазан аралығындағы сапарлар үшін: көрсеткіш 1-ден 0,2 пайыздық тармаққа дейін төмендеді;

20-25 қазан аралығындағы демалыстар үшін: 3,5-тен 1,9 тармаққа дейін құлдырады.

Дүйсенбі күні мұражайға кіре берістегі студенттер жиынына байланысты Луврдың жабылуы жағдайды одан әрі күрделендіре түсті. Туристердің бір бөлігі жоспарларын өзгертуге мәжбүр болды.

Сарапшылар болжамы мен халықаралық реакция

Protourisme консалтингтік компаниясының басшысы Дидье Ариноның бағалауынша, Париждегі бір күндік тәртіпсіздік бір айлық броньдардың шамамен 1%-ының күшін жоюға әкелді. Әзірге салдары шектеулі болып отыр, дегенмен көп нәрсе толқулардың қаншалықты ұзаққа созылатынына байланысты.

АҚШ, Қытай және Германия өз азаматтарына Францияға сапарлау кезінде сақтық танытуды ұсынды.

Туризм нарығының қатысушылары мұндай ескертулер әсіресе басқа шетелдік туристерге қарағанда көп қаржы жұмсайтын америкалық және азиялық қонақтар ағынына әсер етеді деп қауіптенеді.

«Егер тәртіпсіздіктер бірнеше айға созылса, сала үшін салдары өте ауыр болуы мүмкін», – деп ескертеді Selectour туристік агенттіктер желісінің басшысы Лоран Абитболь.

Айта кетейік, бұған дейін Франциядағы тәртіпсіздіктерден келген шығын 1,2 млрд еуроға жетуі мүмкін екені хабарланды.