31 Шілде 2026, 01:29 Фото: depositphotos.com

Францияда орман өрттеріне байланысты 275 адам ұсталды

Ең күрделі жағдай Францияның оңтүстік-батысындағы Жиронда департаментінде қалыптасқан.

Францияда табиғи өрттердің шығуына қатысы бар деген күдікпен 275 адам ұсталды. Бұл туралы елдің Ішкі істер министрі Лоран Нуньес мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, орман өрттерінің он жағдайының тоғызы адамның әрекетінен туындайды. Осыған байланысты билік өрттің шығуына кінәлілерге қатысты қатаң шаралар қабылдап жатыр.

Соңғы тәулікте Фонтенбло орманында тағы бір өрт тіркелді. Өртті сөндіруге 100-ге жуық маман жұмылдырылып, тілсіз жау таңертең толық оқшауланды. Жалын шамамен 6 гектар аумақты шарпыған.

Фонтенблодағы өрт – елдегі 30-ға жуық табиғи өрт ошақтарының бірі ғана. Ең күрделі жағдай Францияның оңтүстік-батысындағы Жиронда департаментінде қалыптасқан. Мұнда жалын 42 мың гектарға жуық орманды жойып, 200 мыңнан астам адам эвакуацияланды.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, өрт салдарынан өңірге келетін туристер саны күрт азайған. Ал мейрамхана иесі Габриэль қазіргі өрттерді аймақтағы соңғы жылдардағы ең ауқымды апаттардың бірі деп бағалап, оған аптап ыстық пен адами фактор себеп болғанын айтты. Оның сөзінше, өртті ауыздықтауға көптеген ерікті де атсалысып жатыр.

Қазіргі таңда өртпен күреске 2 750 өрт сөндіруші, 1 500 әскери қызметкер, 1 440 ішкі қауіпсіздік қызметкері және 18 әуе кемесі жұмылдырылған.

Айта кетейік, бұған дейін Франция мен Испанияда орман өрттеріне байланысты 80 мыңнан астам адамның эвакуацияланғанын хабарлағанбыз