Фоторепортаж. Шымкенттің «Қазына» этнокешеніндегі этносаябақты таныстырамыз

Шымкент, BAQ. KZ тілшісі. Республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие Шымкент қаласындағы туристік орындарының бірі — «Қазына» этно-тарихи кешені. Бұл кешен шағын көлден бастап тарихи мұражайға дейінгі түрлі нысандардан тұрады. 

Біз «Қазына» этно-кешені аумағындағы Этносаябақ, Бәйдібек би ескерткіші мен Қазақ хандығының 550 жылдығы монументін фотосуреттерімен таныстырамыз. 

Шымкент қаласының Қаратау ауданында Бәйдібек би даңғылының бойында орналасқан «Қазына» этно-тарихи кешені 2015 жылы қазанда ашылды. Аумағы 75 гектардан асады. 

Кешен ашылғанына дейін мұнда бірқатар нысандар, атап айтқанда ипподром, Жайлаукөл (бұрынғы атауы — Тұлпар көлі), «Бәйдібек» би ескерткіші болған. Ипподром мен Тұлпар көлі өткен ғасырдың 70-жылдары салынған. 

Ал Бәйдібек би ескерткіші 2012 жылы күзде — сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдық мерейтойына ашылды. Монументті орнатуға ең биік нүктелердің бірі — қаланың солтүстік бағытындағы 220 метр жер таңдалған. Төстабанының биіктігі 4 метр, іргетасының биіктігі 9 метр. Ал мүсіннің биіктігі 10 метр. Төстабаны, іргетас пен мүсін биіктігін қосқанда 23 метр болады. Мүсіннің салмағы — 9 тонна. Сырты мыспен қапталған. Ескерткіш күншығыс жаққа қарап тұр. 

Бәйдібек Қарашаұлы — тарихта қазақ халқының батыры әрі биі, бірқатар рудың тұп атасы болған. 

 

«Қазына» этнокешеніндегі Этносаябақ аумағы — 13 га. Саябаққа Бәйдібек би ескерткішіне көтеріліп-түсетін баспалдақ бойындағы қақпалардан кіруге болады. Саябақ ішіндегі тротуар жолда серпантинге ұқсайды. Яғни саябақ оңтүстіктен солтүстікке қарай биіктейді. Ал жолдар шығыстан батысқа және керісінше серпантин жасайды.

Ең биіктегі жолды жағалай Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы тарихи-мәдени сәулет ескерткіштердің макеті қойылған. Барлығы 27 ескерткіш. 

Шығыс жағында Ордабасы монументінен басталып, батысында Укаша ата кесенесінен аяқталады. 

«Қазына» этнокешеніндегі Этносаябақта орналасқан тарихи-мәдени сәулет ескерткіштері макетінің тізімі: 

1. Ордабасы монументі

2. Ақмешіт әулие

3. Қырыққыз әулие

4. Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулие

5. Түркібасы әулие

6. Ақсүмбе мұнарасы

7. Отырар қалашығы

8. Ердәуіт ата әулие

9. Кеме қалған әулие

10. Ноғай ишан

11. Шамет ишан

12. Әбіл Әзіз Баб

13. Аппақ ишан

14. Ишан базар

15. Дәуітұлы Шыңғысбай қажы

16. Ұзын ата

17. Ақбура ата

18. Ысқақ ата

19. Домалақ ана

20. Бәйдібек би

21. Қожа Ахмет Яссауи

22. Қарашаш ана

23. Ибраһим ата

24. Арыстан баб 

25. Баба Түкті Шашты Әзиз

26. Баба ата

27. Укаша ата

Осы тарихи-мәдени ескерткіштердің бірнешеуі Шымкент қаласының ішінде. 

Мәселен, Қарашаш ана кесенесі Шымкент қаласындағы Сайрам тұрғын алабында орналасқан. Қарашаш ана — Қожа Ахмет Яссауидің анасы. Шын есімі — Айша бибі. Заманында білімді, дана әйел болған. Көп адамды емдеп, жұртқа көмек қолын созған. 

Қарашаш ана кесенесі алғаш 13 ғасырда салынып, кейін табиғи жағдай мен уақыт тезінен тозып, құлап, кейін қайта қалпына келтірілген. Кесене 19 ғасырдың орта тұсында салынып, бүгінге жеткен. Кесенеде Қарашаш ананың мәрмәрмен қапталған бейіті бар.

Осы Сайрам тұрғын алабында Ибраһим ата кесенесі бар. Ибраһим ата — Қожа Ахмет Яссауидің әкесі, Қарашаш ананың күйеуі. Ол мыңдаған адамға ұстаз болған. Текті отбасынан шыққан. Ел ішінде оның әулиелігі туралы көп аңыз тараған. 

Бұл кесенелер республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарына жатады. 

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат етуді ниет етіп келген адамдар әуелі осы Ибраһим ата мен Қарашаш ананың басына барып, құран оқытып, сосын Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы — Отырарда орналасқан Арыстанбаб кесенесіне барып, ары қарай Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне келеді. 

Этносаябақтағы 27 тарихи-мәдени сәулет ескеркіштерінің қатарында тұрған Әбдел Әзіз баб кесенесі Шымкенттегі Сайрам тұрғын алабының солтүстік жағында орналасқан. Әбдел Әзіз баб Қожа Ахмет Яссауиден 300 жыл бұрын өмір сүрген. Мұсыман әскерлерінің ту ұстаушысы болған. Қазіргі кесене 19 ғасырдың орта тұсында салынып, бізге жеткен. 

Шымкент қаласының көне бөлігінде орналасқан Дәуітұлы Шыңғысбай қажы мешітін Жәми мешіті деп те атайды. Бұл қаладағы ең көне үлкен ғимараттардың бірі. 19 ғасырдың ортасында салынған. Бұл мешіт КСРО құрылғанынан II дүниежүзілік соғыс аяқталғанына дейін әскери казарма ретінде пайдаланған. 1947 жылы мешіт халыққа қайтарылды. Сол кезде Қошқар ата деген атау берілді. 2000 жылы өз атауымен қайта аталды. Мешіттің ауданы — 717,3 шаршы метр. 4,8 және 10 метрлік екі биік мұнарасы бар. 

Этносаябақтағы 27 макетті көріп, Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы барлық негізгі тарихи-мәдени ескерткіштермен танысып, сол ескерткіштер орналасқан жерге баруды жоспарлауға болады. 

Айта кетейік, этносаябақта барлығы 12 127 ағаш бар. Оның 9500-і қылқанжапырақты болса, 2627-і жай ағаштар екен. Тегін Wi-Fi аймақтар да бар. 

Осы этносаябақтың қарсы бетінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент бар. Биіктігі — 15 метр. Бір бірімен қиюласатын екі арканың астында пирамида орналасқан. Аркалар қазақ ұлттық оюларымен көмкерілсе, пирамиданың қабырғаларына бедерлер салынып, жазу жазылған. Пирамиданың биіктігі 10 метр. Аркалар қиюласқан тұсы шаңырақ формасында жасалған. 

«Қазына» этнокешені аумағында басқа да көптеген нысандар бар. Атап айтқанда: Қазақ хандығының 550 жылдығы монументі, Бәйдібек би ескерткіші, ғұламалар мен белгілі тұлғалардың нақыл сөздері жазылған «Даналар өсиеті» мәрмәр тастар тізбегі, Шығыс пен Батысты жалғаған Ұлы Жібек жолының бойындағы Қазақстан тарихи қалаларын бейнелейтін керуен макеті, Тарихи-өлкетану мұражайы, Ипподром (қазір басқа жаққа көшіріліп орнына, көпқабатты үйлер салынып жатыр), Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, Этносаябақ, Наурыз алаңы мен Жайлаукөл бар. Жайлаукөл Шымкент зообағы мен Асанбай Асқаров атындағы Дендросаябаққа жалғасады.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы