Флоридада ұшақ көшеге құлап, тоғыз адам қаза тапты
Апаттың себептері туралы әзірге толық ақпарат жарияланған жоқ.
АҚШ-тың Флорида штатындағы Палм-Бич қаласында бизнес-классқа жататын реактивті ұшақ көшеге құлады. Оқиға салдарынан борттағы тоғыз адамның барлығы қаза тапқан. Бұл туралы New York Post басылымы хабарлады.
АҚШ Көлік министрлігінің басшысы ұшақтағы тірі қалғандар жоқ екенін мәлімдеді.
Алдын ала мәлімет бойынша, әуе кемесі кем дегенде бір тұрғын үй тіркемесін қиратып, соның салдарынан ірі өрт шыққан. Апаттың себептері туралы әзірге толық ақпарат жарияланған жоқ.
Еске салсақ, Босния және Герцеговинада Еуропалық одақтың (EUFOR) миссиясы құрамында қызмет еткен төрт Италия азаматы әскери тікұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапты. Тағы 11 адам жарақат алған.
Сондай-ақ, АҚШ-тың солтүстік-батысында шағын әуежай маңында екі тікұшақ әуеде соқтығысты. Оқиға салдарынан үш адам қаза тапты. Бұл туралы жергілікті билік өкілдері мәлімдеді.