4 Тамыз 2026, 03:41 Фото: AP Photo/ Manu Fernandez

Еуропадағы орман өрттерінен келген шығын 3 млрд еуродан асты

Құрғақшылық пен өзендердегі су деңгейінің төмендеуі де Еуропа экономикасына қосымша қысым түсіруде.

2026 жылдың басынан бері Еуропаның ең көп зардап шеккен бес елінде – Франция, Испания, Португалия, Грекия және Румынияда орман өрттерінен келген экономикалық шығын 3,1 млрд еуродан асты. Бұл туралы Financial Times басылымы хабарлады.

Басылымның есебіне сәйкес, бұл көрсеткіш Еурокомиссияның бүкіл ЕО бойынша орман өрттері мен аптап ыстықтан келетін орташа жылдық 2,5 млрд еуро шығын туралы бағалауынан асып түсті.

Өрт маусымының алғашқы екі айында аталған бес елде 500 мың гектарға жуық аумақ отқа оранған. Сарапшылар нақты шығын бұдан да жоғары болатынын айтады, өйткені сақтандыру төлемдері, тұрғындар мен кәсіпорындардың материалдық шығындары, ауыл шаруашылығы мен туризм саласындағы залал әлі толық есептелмеген.

Құрғақшылық пен өзендердегі су деңгейінің төмендеуі де Еуропа экономикасына қосымша қысым түсіруде. Рейн мен Дунайдағы су деңгейінің төмендеуі жүк тасымалына және өнеркәсіп өндірісіне әсер етіп жатыр. Венгриядағы «Пакш» атом электр станциясы мен Румыниядағы «Чернаводэ» АЭС-інің жұмысына да қауіп төнген.

Францияның Жиронда өңірінде орман өрттері қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібіне де әсер етті. Safran, Dassault Aviation және ArianeGroup компаниялары өндірісті уақытша тоқтатып, қызметкерлерін эвакуациялауға мәжбүр болды. Өрттің салдарынан өңірдегі 40 мыңнан астам кәсіпорын зардап шеккен.

Мамыр айынан бері Еуропада бірнеше рет аптап ыстық толқыны тіркеліп, бірқатар елде ірі орман өрттері жалғасуда. Франция мен Испанияда жүздеген мың адам қауіпсіз жерге көшірілсе, Германияда өзендердегі су деңгейі рекордтық төмен көрсеткішке жетті.

Биыл қаңтардан бастап жалын 1 млн 16 мың гектар орманды шарпыды. Бұл Кипр аумағына тең немесе Бельгияның үштен бір бөлігіне пара-пар көрсеткіш.