Еуропада газ бағасы 700 доллардан асты
АҚШ пен Иран қақтығысы әлемдік энергия нарығына қалай әсер етуде?
Таңғы сауда барысында Еуропа нарығындағы газ құны 23 наурыздан бері алғаш рет мың текше метр үшін 700 долларлық межені асып түсті. Бұған Лондонның ICE биржасының деректері дәлел.
Бағаның өсуі АҚШ пен Иран арасындағы эскалацияға байланысты Таяу Шығыстағы жағдайдың кезекті ушығуы аясында болып жатыр.
Сауда барысында Нидерландыдағы ең ірі еуропалық TTF газ хабында тамыз айындағы фьючерстің құны мың текше метр үшін шамамен 716 долларға немесе МВт·сағ үшін 60,515 еуроға дейін көтерілді.
Сауданың ашылу деңгейімен салыстырғанда баға белгілеулер 5%-дан астам өсті.
Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы туралы
АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің жаңа кезеңі 8 шілдеде, тараптар бір ай бұрын қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумды жарамсыз деп жариялаған кезде басталды. Содан бері екі ел үнемі соққылармен алмасуда.
Соңғы тәулікте АҚШ Иран аумағындағы нысандарға жаңа шабуылдар сериясы туралы хабарлады, ал Ислам революциясы сақшылары корпусы Кувейттегі америкалық әскери нысандарға зымыран соққылары жасалғанын мәлімдеді.
Эскалация аясында мұнай мен сұйытылған табиғи газды жеткізудің негізгі бағыттарының бірі – Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық күшейді. Бұл Еуропадағы табиғи газды қоса алғанда, энергия ресурстарына әлемдік бағаның өсуіне түрткі болды.
Еске салайық, бұған дейін табиғи газды ең көп тұтынатын елдер туралы жазған болатынбыз.