Қазақстан Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына кірді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді.
2019 жылдың 30 желтоқсанда мемлекет басшысы тиісті келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойды. Осылайша Қазақстанның Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына, яғни ГРЕКО-ға қосылу процессі өз мәресіне жетті. Біздің еліміз аталған ұйымның 50-ші мүшесі болып тіркелді.
Бұл еліміз үшін аса маңызды оқиға. Себебі Қазақстан бұл ұйымға кіру үшін 10 жылдам астам уақыт жұмыс істеді. Осы кезең аралығында еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы жетілдірілді және ол еуропалық стандарттарға жақындай түсті. Мемлекеттік қызмет саласын цифрландыру арқылы мемлекеттік аппарат пен халық арасында қарым-қатынас жеңілдеді. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың бірден-бір жолы. Осы орайда БҰҰ-ның соңғы жариялаған рейтингісіне сәйкес, Қазақстан электронды үкіметті дамыту бойынша Австриямен бірге 25-орында тұр - деді Олжас Бектенов.
Оның сөзінше ГРЕКО-ға қосылу Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы шетелдік әріптестермен өзара іс-қимылын кеңейтудің кезекті қадамы. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіру үшін Еуропа Кеңесінің сарапшылық әлеуетін тартуға мүмкіндік береді.
ГРЕКО-ға мүшелік сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың еуропалық стандарттарға сәйкестігіне тұрақты мониторинг жүргізуді көздейді. Бұл елде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді. Әр мониторинг қорытындысы бойынша Қазақстан үшін арнайы ұсыныстар әзірленеді. Оларды орындау үшін елімізге 18 ай беріледі. Кейін әлемнің ең кәсіби сарапшылары осы ұсыныстар қаншалықты орындалғанын бағалайды. Осылайша біз өз кемшілктерімізді байқап, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып оларды жоюға мүмкіндік аламыз, - деді Агенттік орынбасары.
Сонымен қатар, қазақстандық сарапшылар да басқа қатысушы елдерді тексеру үшін бағалау топтарының құрамына кіретін болады. Олар Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының ең жақсы элементтерін ГРЕКО-ға кіретін басқа елдерде таратуға мүмкіндік алады.