Баға «күйіп» тұр. Сайыров қой етінің келісі 3 мың теңгеге жеткенін айтып, дабыл қақты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Facebook-тегі парақшасында базарлардағы азық-түлік пен ет бағасын бағдарлап келгенін хабарлады.
Баға қайда кетіп барасың? 31-каналдың журналисті Айбар Төлжанұлы бауырыммен базардағы азық-түлік, еттің бағасын бағдарлап қайттық. Бір сөзбен айтсақ, етке баға «күйіп» тұр! Әсіресе, қой етінің бағасы аспанға шарықтап кеткен. Қой еті килограмы 3 мың теңгеге жеткен! «Бір тоқты 60 мың теңгеден асады» дейді саудагерлер. Менің ойымша, министрлер кабинеттерінен шығып, халықтың әлеуметтік жай-күйін, бағаны бағдарлап, нақты шаралар қолдануы керек! Бүгінде, халық жаппай тұтынатын тауарлардың ( ет, азық-түлік) бағасына мемлекеттік реттеу қажет!, - деп атап өтті ол.
Видеодағы жазбада сатушылар ет бағасы, әсіресе, қой етінің бағасы осы соңғы екі аптада шарықтап кеткенін айтады. Бұл ретте саудагерлерге етті жеткізушілер бағаның не себепті қымбаттап жатқанын нақты айта алмаған.
Айта кетейік, елдегі қымбатшылық халық арасында да, Үкіметте де бірнеше күн бойы талқыланып келеді. Кешегі Мәжіліс отырысында Нығматулин елдегі қымбатшылық үшін министрлерге шүйлікті. Ол қымбаттап жатқан азық-түлік бағаларын тізбелеп шығып, тиісті ведомство басшыларынан оның себебін сұрады. Бірақ тұщымды жауап ала алмады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Тоқаев Ақордаға шетелдік инвесторларды жинап алды
Өзгелердің жаңалығы