Естен кетпес естеліктер: Бердібек Сапарбаевтың ел білмейтін қырлары

Мемлекет және қоғам қайраткері, кризис-менеджер Бердібек Сапарбаевтың өмірден өткеніне бір жылға таяп қалды. Бердібек Машбекұлының үзеңгілестері, әріптес-достары оның ерекше қасиеттері жайлы естелікті бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін елордада «Бердібек Сапарбаев тұлғасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Онда Бердібек Сапарбаевтың жақындары, қызметтес серіктері мен шәкірттері, Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары бас қосты. 

Жиында Бердібек ағамыз жайлы жылы естеліктер айтылды.

Әкімдердің әкімі

Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов жиында сөз алып, Бердібек Сапарбаевпен өңірдегі проблеманың шешімін қалай тапқанын еске алды.

Ел жанашыры, биік тұлға, мемлекет қайраткері Бердібек Мәшбекұлын Қазақстанда білмейтін адам жоқ. Бекең ағамыз отқа салса, күймейтін, суға салса, батпайтын Алпамыс батырдай Тәуелсіз еліміздің іргетасын қалауға ерекше үлес қосты. Парламентаризмді дамытуға бар күшін салды. Мен бір жүйеде, бір салада, бір өңірде Бекеңмен жұмыс істемесем де, сол кісіге қарап бойымызды, ойымызды ылғи түзеп жүретінбіз, - деді Асанов.

Сенат спикерінің орынбасары бір оқиғаны есіне алды.

2016 жылы жерге қатысты митингілер өтіп, бүкіл республика шулап жатты. Көп ұзамай 40-тан астам діни радикал Ақтөбеде терракт жасады. Қару-жарақ дүкендерін басып алып, әскери бөлімге оқ атты. Біраз адамның өмірі қиылды, денсаулықтарына зиян келді. Бір айдан кейін терракт Алматыда болды. 8 полиция қызметкері мен 2 азамат қаза тапты. Бір сөзбен жер митингтері мен діни радикализм өршіп тұрған кез. Сол кезде біз Бас прокуратура болып Президентке ұсыныс жасадық. Террактілер халық арасында үрей туғызды. Билікке сенімсіздік бар өңірлерге барып тікелей жұмыс істесек, мемлекеттің қамқорлығын көрсетсек деп бір облысты пилот ретінде алып, сонда елге қолдау көрсетудің үлгі моделін жасауды ұсындық. Әрине, көп дүние сол барған өңірдің басшысына байланысты. Әкімі қолдап, белсенді болмаса, нәтижеге де жету мүмкін болмас еді. Сонда Бекеңмен тез тіл табыстық. Өзінің Ақтөбеге келгеніне де көп болмаған екен. “Уайымдама, топты бізге әкел, бәрін жасаймын” деп сендірді. Сол 2016 жылы республикадан 30 маманды жинап, Ақтөбеге келдік. Мемлекеттік қызметкершілермен қатар, топқа дәрігерлер, теологтар, психологтар, имамдар келді. Бекең 600-дей адам жинап, мақсатымызды айтты. Облыстық активке “бізден сескенудің қажеті жоқ, әріптестер бізді тексеруге, сынауға, бағалауға келген жоқ, кабинеттен жерге түсіп, бізбен бірге нақты проблемаларды шешу үшін, өршіп тұрған діни радикализмді ауыздықтау үшін келді” деп түсіндірді, - деді ол.

Жақып Асанов мұндай шара елде ол кезде алғаш жасалып жатқанын айтты. Сөзінше, осы ауқымды жұмысты үйлестіру үшін Бердібек Мәшбекұлы оны өзі басқарды. Штабқа орталық органдардың басшыларының орынбасарлары кірді. Олар бір ай бойы Сапарбаевқа есеп беріп отырды. Бердібек Мәшбекұлы жұмысты әдемі үйлестіріп, республикадан келген 230 адамды өмір жағдайын жөндеп алуға ұтымды пайдаланды.

Бір айда 2000 кездесу, жеке қабылдау өтті. Облыста 830 мыңдай адам болса, әрбір алтыншы ақтөбелікке жеттік. Ол мүмкіндігі шектеулі жандар, жастар, көпбалалы, жағдайы төмен отбасылар, сотталғандар, діннен адасқандар. Осындай үйлесімді жұмыстың арқасында Ақтөбеде бай тәжірибе жиналды. Әдістемелік құрал жасалды. Осы жұмыстың басында екі күн Бекеңнің жанында жүрдім. Жұмыс таңғы 7-де басталатын. Күні бойы кездесулер, жиналыстар... Мысалы, медуниверситетте бір залда мың студент жиналды, тағы бір жерде 400 кәсіпкер, үшінші жерде дарынды мектептің 600 оқушысы. Ауданға, қалаларға шықтық. Бекең уақытын тіпті асқа қимай, бізді қалдырып өзі басқа да жұмыстарын бітіріп жататын. Сөйтіп кешкі 9-дан кейін штаттың есептік кеңесімен аяқтап жүрді. Жобаның соңғы екі күнінде де Бекеңмен болдым. Байқағаным, бір ай бұрын басталған жұмыстың қарқыны тоқтамаған екен. Астанадан келген барлық құрылым өз қызметтерін белсенді жүргізіп жатты. 7 бағытта жасалған жұмыстың нәтижесін айтуға регламент жетпес.., - деді Сенат өкілі.

Ол бұл жұмыстың нәтижесі кейін Президентке баяндалғанын және осындай жұмысты басқа да өңірлерде жүргізу Үкіметке тапсырылғанын еске алды.

Асанов жоба барысында Бекеңнің керемет қырлары мен қасиеттерін тани түскенін айтты.

Біріншіден, ол тұлғаның нағыз лидерлік қасиеті. Мықты кризис-менеджер болған соң, жұмысы ақсап жатқан өңірлерге арнайы жіберілетін. Ол кісіні әкімдердің әкімі деп айтатын. Қай жерде, қай қызметте жүрсе де, нәтижелі жұмысқа бағыттай білді, ұйыта білді, бастай білді, ұйымдастыра білді. Екінші қасиет – ұлтқа, тілге жанашырлығы. Ұлттық мәселеге әркез ден қоятын, зиялы қауымға жақын жүретін, вице-премьер ретінде идеология саласына үлкен үлес қосты. Үшінші ерекшелігі – жұртқа жақындығы. Қай қызметте жүрсе де, ауыл аймақты аралаудан шаршамай, елдің талап-тілегіне құлақ асатын. Кіммен болса да еркін сөйлесіп, пікір алысқанда қарапайымдылық, кішіпейілдік қасиеттері анық көрініп тұратын. Қандай апат болса да ағамыз аяғына керзі етігін киіп алып, сол жерде бірінші болып жүретін, - деп Жақып Асанов Бердібек Сапарбаевты мақтанышпен еске алды.

Ол мағыналы өмірімен өшпес із қалдырған Бердібек Мәшбекұлы бірегей тұлға ретінде еш ұмытылмайтынын айтты. Ендігі міндет - ағамыздың асыл мұрасын кеңінен насихаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізу.

Қызылорданы сақтап қалған тұлға

Мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы Қырымбек Көшербаев Бердібек Сапарбаев жайлы естеліктерін айтты.

Бердібек Мәшбекұлы Қазақстан тәуелсіздік туын тұғырға қондырғаннан кейін саяси сахнаға шыққан ұлттық кадрлардың бірегейі. Біз екеуіміз бір топырақта туып, бір кезеңде өмір сүрдік. Екеуіміз де елімізге қызмет еттік. Қызмет жолында әріптес, өмір жолында сырлас болдық. Ел оң-солын танып үлгермей жатқан тұста бірге жұмыс істедік. Көп ағаларымыз "аттарың да ұқсас, сендер осы егіз қозыдайсыңдар" деп әзіл аралас тілегін білдіріп жататын. Бердібектің 90-жылдардың тоқырауында Қызылорда облысын жойылаудан сақтап қалғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Сол тұста Қызылорданың салықтық базасы нашар, экономикасы, әсіресе, өндірісі дамымаған деген желеумен облысты жабу туралы Үкімет Президентке ұсыныс дайындап жатқан болатын. Қазіргідеу стратегиялық әрі рухани маңызға ие аймақтың жабылып қалуы кімді болса да, қынжылтады ғой... Дәл сондай сындарлы сәтте Бердібек білек сыбана кірісіп, Қызылорданың басқа аймақтардан кем емес екенін, салықтық базасы, экономикалық перспективасы бар тиімді аймақ екенін Үкімет алдында дәлелдеп, өзінің жоғары кәсібилігін көрсете отырып, аймақты сақтап қалды, - деді Көшербаев.

Оның сөзінше, бұл Бердібек Машбекұлының туған жері ғана емес, тұтас Отанының алдындағы бір үлкен перзенттік, қайраткерлік қызметі деп бағалаған жөн.

Қырымбек Көшербаев Бердібек Сапарбаевтың Арал мәселесін де дер кезінде көтеріп, шешімін табу үшін Президентке ұтымды ұсыныс жасағанын айтты.

Әлеуметтік сала майталманы

Үкіметтің құрамында екі рет еңбек және әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша министр және премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарды. Қызметі барысында өзін ұлтжанды азамат екенін тағы бір дәлелдеді. Өзін халықтан тысқары ұстаған жоқ. Елмен қоян-қолтық араласып, адал еңбек етті. Қай жерге барса да, елмен сыйласып, сыйысып жүрді, сол арқылы елге ұйытқы бола білді. Өзінің үлкен адами және кәсіби қабілеттерінің арқасында аймақтардың дамуына ерекше үлесін қосты. Мемлекеттік қызметте жүрген өскелең ұрпақ, жаңа буын Бердібектің сол ізгі қасиетін үлгі етсе дейміз. Ол қараша халыққа жақын, елмен етене болды, халықтың арасына қаймықпай кірді, тұрғындармен тікелей сөйлесетін. Ол - ең үлкен қасиет, бағалай білуге тиісті қабілет, - деп айтты Қырымбек Көшербаев.

Ол қазір әкім халықпен тікелей сөйлеспесе, жұмыстың нәтижесі болмайтынын атап өтті.

Бердібек Мәшбекұлы қай өңірге барса да, сол жердің әл-ауқаты мен қордаланған түйінді мәселелерін шешуге, үзілген үміттерін жалғауға барды. Ол Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының әкімі болған кезеңде аянбай еңбек етіп, соның бәріне де абыроймен барып, абыроймен кетті. Жетекшілік еткен әр аймақ халқы оны қимастықпен шығарып салып отырды. Бұл Бердібек Мәшбекұлының антына адал, сертіне сенімді болғанының белгісі деп білемін, - деп қоса кетті қоғам қайраткерінің әріптесі әрі жерлесі Көшербаев.

Бұған дейін Президенттің конференция қатысушыларына жолдаған хаты жайлы жазған болатынбыз.  Сонымен бірге Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов та естеліктерін айтып берді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы