Ескі Қазақстанда алкоголь нарығы Болат Назарбаевтың қолында болды – депутат
Ескі Қазақстанда алкоголь нарығы Болат Назарбаевтың қолында болды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ержан Бейсенбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, биыл 1 сәуірден бастап цифрлық таңбалауы жоқ аяқ киімді сатуға тыйым салу күшіне енді. Бұл шешім осы саладағы кәсіпкерлердің наразылығын тудырды.
Сәуірдің 10-ы күні «Ақ жол» демократиялық партиясы осы тақырыпта мемлекеттік органдардың, цифрлық таңбалау операторының, аяқ киім өндірушілері мен сауда кәсіпорындары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізді.
Талқылау барысында мемлекеттік органдар кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға, оның ішінде таңбалауға қатысты мардымды жауап бере алмады. Цифрлық таңбалау көлеңкелі нарықты қысқартуға еш ықпалы жоқ, тауардың жасалу жолы мен сапасын айқындау құралы емес, - деді ол.
Бірыңғай оператор тауар бірлігі үшін марканың құнын 3 теңге десе, кәсіпкерлер таңбалаудың нақты құны бір тауар бірлігіне 550 теңгеден 3,5 мың теңгеге дейін шығатыны айтуда. Яғни қымбат емес аяқ киім 20-30% қымбаттайды, бұл тұрмысы төмен тұтынушылардың жағдайын нашарлатады.
Оның үстіне өнім құнының 28 пайызға қымбаттағанына сатушылар ғана емес, аяқ киім өндіруші «ТаразКожОбувь» ЖШС шағымданып жатыр.
Таңбалау бойынша үстеме шығыстар да айтарлықтай сомаларды құрайды. мысалы, «BTS PYTHON SHOES» ЖШС бұған айына шамамен 700 мың теңге жұмсайды.
Қаржылық шығындардан бөлек, техникалық қиындықтар да бар. Мәселен, бір жұп аяқ киімге марка алу формасын толтыру үшін орта есеппен 20-30 минут кетеді. Аталған форманы жіберу кезінде 40% жағдайда жүйе қабылдамай, деректерді қайта толтыруға тура келеді. Өздеріңіз білетіндей, заңсыз өнімдермен күресу деген желеумен цифрлық таңбалауды енгізу және әзірлеуге бастамашы ресейлік тарап болған. Бүгінде өздерінде таңбалауды енгізу тауар құнының орта есеппен 20%-ға өсуіне әкелді, - деп түсіндірді Ержан Бейсенбаев.
Сонымен қатар оның сөзінше, маркалар өз нарығында ережесіз ашық сатылып жатыр, бұдан басқа, Ресей «параллельді импортқа», яғни, енгізілген көлеңкелі өнімдерді елге кіргізуге рұқсат берді.
Бізде аяқ киімге және т.б. тауарларға таңбалауды енгізді, ал көлеңкелі нарықтың ең жоғары үлесі бар алкогольге қатысты маркировкадан Үкімет бас тартты. Өздеріңіз білесіздер, ескі Қазақстанда алкоголь нарығы Болат Назарбаевтың қолында болды. Мүмкін сондықтан да оларға тиіспей, қарапайым кәсіпкерлерді қосымша төлемдермен қанаған шығар? Ал ең негізгі мәселе, мемлекет енгізетін міндетті төлемдер өзінің экономикалық мағынасы бойынша салықпен пара-пар және бюджетке түсуі тиіс. Бірақ таңбалау жағдайында қыруар ақша РОП (утильсбор) пен ЦТС (кірме жолдарға арналған тарифтер) сияқты олигополияға айналған жеке компания түріндегі «Қазақтелеком» АҚ құрамындағы жеке операторына түседі, - деп айтты депутат сауалында.
Ол атап өткендей, «Қазақтелекомда» онлайн-сауда нарығын монополиялауға және басқа нарықтардағы бәсекелестікті тұншықтыруға мүмкіндік беретін мәліметтер базасы қалыптасып жатыр.
«Ақ жол» фракциясы Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одақ аясында танылған тауарларды міндетті таңбалауды тиімсіз, тіпті зиянды шара ретінде тоқтатуды талап етіп отыр.