"Ешқандай жақсылыққа апармайды": Аида Балаева "жою мәдениеті" туралы
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "жою мәдениеті" деген атауға ие үрдістің соңы ешқандай жақсылыққа апармайтынын мәлімдеді. Бұл туралы министр Мәжілістің кулуарында берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл ешқандай жақсылыққа апармайды. Ең көп зардап шегетін, әрине – шағын және орта бизнес. Ал ол – біздің тұрақтылығымыздың негізі. Сондықтан, білесіз бе, бәрін "жоюды" немесе"болдырмауды" талап ететін адамдарды қолдап, олардың сөзін тарата беру – дұрыс емес, - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, "жою мәдениеті" (ағылш. cancel culture) деп белгілі бір тұлғаларды, компанияларды немесе брендтерді олардың айтқан сөзі немесе жасаған іс-әрекеті қоғам тарапынан қолайсыз деп танылған жағдайда жаппай айыптау, бойкот жариялау немесе қоғамдық өмірден шеттету құбылысын айтады.
Қазақстанда да "жою мәдениеті" әлеуметтік желілерде жиі байқалады. Мәселен, қолданушылар кейде концерттердің болдырылмауын, белгілі адамдарды сахнадан немесе медиадан алып тастауды, тіпті кейбір мекемелердің жабылуын талап етеді.
Еске салайық, әлеуметтік желідегі сыннан кейін Алматыда ресейлік әнші Полина Гагаринаның концерті өтпейтін болды.