«Ешкім ештеңе тартып алмайды». Министр «АрселорМиттал Теміртаудың» тағдыры жайлы

Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының төңірегіндегі жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол кеніштегі қайғылы оқиғаға қарамастан, «шетелдік инвестордан ешкім ештеңе тартып алмайтынын» айтады.

Министр шетелдік инвесторлар қызметкерлер мен жұмысшылардың қауіпсіздігіне қатысты талаптарды сақтауы керегін атап өтті.

Жоқ, Қазақстанда ешкім шетелдік инвестордан ештеңе тартып алмайды. Біз Қазақстанда жұмыс істейтін инвесторлардан Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауын талап етеміз. Заңнамалық механизмге сәйкес – егер шетелдік инвестор компания қазақстандық нарықтан шығуға шешім қабылдаса, онда ол өзіндегі активті басқа инвестормен немесе Қазақстан Республикасымен сатып алу-сату шартын жасасады. Активтерді әлеуетті мемлекет меншігіне алудың қандай да бір тетігі туралы айту - біз оны Қазақстанда көрмейміз деп үміттенеміз. Өйткені бұл инвестициялық климатқа үлкен соққы болады, - деді Қанат Шарлапаев.

Бұған дейін БАҚ беттерінде «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының орнына ресейлік «Северсталь» компаниясының келетіні туралы мәлімет тараған болатын.

Еске сала кетейік, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қатысты қызу талқыланып жатқан мәселеге қатысты пікір білдірді. 

Сонымен қатар Қарағанды ​​облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның иесі ауысуы мүмкін екені жайлы әңгімеге қатысты түсініктеме берген болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы