Ұлықбек Есдәулет: Қытайдағы қандастардың әдебиеті бізге жетпей отыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада өткен «Отандастар Қоры» КЕАҚ жанынан құрылған Қоғамдық Комиссияның алғашқы отырысында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет осылай деді.
«Қазір Жазушылар одағы шеттегі қандастардың арасында қанша еңбек жарыққа шықты дегенге сандық тізім жасап жатыр. Басқасын айтпағанда, бір ғана Моңғолияның Баян-Өлгий аймағының өзінен бүгінге дейін 50 роман жарыққа шығыпты. Саусақпен санарлық қана жазушысы бар Баян-Өлгейдің қазақ оқырманына бергені осы. Ал 3 млн-ға тарта қандасымыз тұрып жатқан Қытайдағы қазақ әдебиетінің бізге жетпей жатқаны анық. Оған бір себеп – Қытайдағы қандастарымыз латынша да емес, крилше де емес, баяғы Ахмет әліпбиімен жазуы. Ол жазуды Қазақстанда оқи алатындар аз» - деді ол.
Сонымен қатар, Ұлықбек Есдәулет бұл мәселенің түйінін шешіп отырған бір баспаның жұмысы тоқтап қалғанын да алдыға тарты.
«Бұған дейін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жанынан «Ата жұрт» деген баспа жұмыс істеп, шеттегі қандастарымыздың кітаптарын қайта бастырып келіп еді. Қажығұмар Шабданның «Қылмыс» романының 6 томдығын сол баспа арқылы оқығанбыз. Қазіргі кезде сол баспаның да жұмысы шатқаяқтап тұр. Осыны қайта қолға алып, жаңғырту керек» - деді Жазушылар одағының төрағасы.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Нұр-Сұлтанда «Отандастар Қоры» КЕАҚ жанынан құрылған Қоғамдық Комиссияның алғашқы отырысы өткен болатын. Онда шетелдегі қандастарды қолдау бағдарламасы таныстырылған еді.