«Ес-түссіз жатты, үсті-басы қан болды»: Мырзуан ісіндегі сотта жәбірленуші әпкесін қалай тапқанын айтты
Астанада тұрғын үй қасбетінің опырылуына қатысты сот отырысында жәбірленуші Жангелді Қалиев жауап берді. Ол оқиға болған сәтте не көргенін, үйінді астында қалған әпкесіне қалай көмек көрсетілгенін және тұрғын үйдің қасбетінде бұған дейін қандай да бір ақау байқаған-байқамағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жангелді Қалиевтің сөзінше, ол 2025 жылдың маусым айынан бері осы тұрғын үйде тұрады. Оқиға болған күні алдымен қатты тарсыл естіген.
Үйдің жанында қоқыс жәшіктері бар. Алғашында біреу бір нәрсе тастап жіберген шығар деп ойладым. Біраз уақыттан кейін телефоным шырылдады. Қарасам, әпкем Гүлнәр Қалиева екен. Ол үйінді астында қалғандарын айтты, – деді Жангелді Қалиев.
Осыдан кейін ол сыртқа шыққан. Алғашында дүкендегі плитка құлаған шығар деп ойлағанын, қасбеттің опырылғанын білмегенін айтты.
Олар әдетте аула жағынан кіретін «Корзинка» дүкеніне қарай жүгірген. Алайда сол жол жабық болған соң, басқа кіреберіс арқылы ішке кірген.
Ішке кірген кезде әпкем Айнураны көрдім. Ол дүкен есігінің алдында, екі ғимараттың арасындағы өтетін жерде жатты. Жанында кірпіштер болды. Оның нақты қалай жатқанын толық көре алмадым, – деді ол.
Қалиевтің айтуынша, сол жерде бірнеше адам үйіндідегі тас пен кірпіштерді алып жатқан. Олар жарақат алған Айнұрды көтермек болған кезде ол бұған қарсы болған.
«Көтермеңіздер, бір жері сынған болуы мүмкін» дедім. Жедел жәрдем шақырылғанын сұрадым. Біреу «шақырдық» деді. Мен әпкемнің басын ұстап, «қазір жедел жәрдем келеді» деп отырдым, – деді ол.
Оның сөзінше, медицина қызметкерлерінің нақты қанша уақыттан кейін жеткенін айта алмайды.
Екі минут па, бес минут па, он минут па – нақты есімде жоқ. Біраз уақыттан кейін екі медицина қызметкері келді, – деді Жангелді Қалиев.
«Бұл өткел үнемі пайдаланылатын»
Сотта оқиға болған жердің орналасуы да нақтыланды. Жангелді Қалиевтің айтуынша, «Корзинка» дүкенінің аула жақтағы кіреберісі екі ғимараттың арасында орналасқан.
Бұл өткел үнемі пайдаланылатын. Біз де дүкенге аула жақтан кіретінбіз, – деді ол.
Ол 2025 жылдың маусым айында осы үйге көшіп келгенін және сол уақыттан бері бұл жолдың ашық болғанын айтты.
Прокурордың «үйдің қасбетінде бұған дейін жарықтар немесе басқа да бүліну белгілерін көрдіңіз бе?» деген сұрағына Қалиев:
Жоқ. Егер ондай нәрсені көрген болсам, бұл жерден пәтер сатып алмас едім, – деп жауап берді.
Сонымен қатар ол оқиғаға дейін қасбетті тексеру, жөндеу немесе қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген-жүргізілмегенінен хабарсыз екенін айтты.
Тұрғындар арасында үйді немесе қасбетті жөндеу мәселесі көтерілді ме деген сұраққа да нақты жауап бере алмады. Себебі көршілердің WhatsApp тобында болмаған.
Оқиғадан кейін дүкеннің аула жақтағы кіреберісі жабылған
Жангелді Қалиев қазіргі уақытта да осы үйде тұратынын айтты. Оның сөзінше, оқиғадан кейін екі ғимараттың арасындағы бұрын пайдаланылған өткел жабылған.
Қазір ол жер жабық. Соған байланысты дүкеннің аула жақтағы кіреберісі де жабылды, – деді ол.
Сотта одан тұрғын үйдің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға кім жауап бергені және оқиға болған кезде МИБ төрағасының кім болғанын білген-білмегені де сұралды.
Қалиев сол сәтте бұл туралы білмегенін, тиісті мәліметтерді оқиғадан кейін ғана естігенін айтты.
Сұрақ-жауап соңында прокурор одан сотталушыға қандай да бір талап-шағымы бар-жоғын сұрады.
Жоқ, ешқандай талабым жоқ, – деді Жангелді Қалиев.
Сотта одан Айнураның сол кездегі жағдайын сипаттау да сұралды.
Ол ес-түссіз жатты. Тек ыңырсып жатты. Үсті-басы қан болды, күртесі жыртылған еді, – деді Жангелді Қалиев.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ұлдана Мырзуанға қатысты қылмыстық іс бойынша қорғаушы тарап сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық-процестік заңнама талаптары елеулі түрде бұзылғанын мәлімдеді. Адвокаттар істі прокурорға қайтарып, анықталған кемшіліктерді жоюды және қосымша тергеу жүргізуді сұрады.
Бүгінгі сот отырысында жәбірленуші Гүлнар Қалиева сот отырысында жауап беріп, оқиға болған күні сіңілісі Айнұрмен бірге дүкенге бара жатқанда үстеріне кірпіш құлағанын айтты. Ол бір отбасынан үш адам жарақат алғанын, бірақ олар куәгер секілді отырғандарын атап өтті.