Ертіс өңірінің мәдениет мекемелері халықаралық байланысты нығайтуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аймақтың мәдениет ұжымдары жыл сайын үш-төрт шет мемлекетті аралап, қазақ өнерін дәріптеу арқылы өнерде шекараның болмайтынын дәлелдеп келеді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл ретте, Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияны ерекше атап өтуге болады.  Өнер ұжымы 2018 жылы Ресей, Беларус, Татарстан, Біріккен Араб Әмірлігі және Италия елдерінде гастрольдік сапармен болған еді. Ал былтыр, Ресей, Польша, Малайзия, Қытай сахналарында өнер көрсетіп қайтты,  - дейді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов.
Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы облыстық филармония өкілдері Ресейдің Новосібір, Омбы, Польша елінің Лодзи және Залэнчу Вельким өңірлерінде болған. Сондай-ақ, Малайзияның Мелака қаласында өткен халықаралық фестивальде өнер көрсетті. Жыл аяқталар тұста Қытайдың Үрімші аймағында "Әнім шарықта" атты жеке концертін ұсынды. Осылайша өнерпаздар қазақ өнерін дәріптеп, шетелде насихаттап келеді.

Атап өтерлігі, өткен жылдағы соңғы гастрольдік сапарларында қытайлық өнер ұжымы Павлодарға келіп, өнер көрсетуге ниет білдірген. Нәтижесінде мәдени байланыс орнады.

Мәдениет мекемелерінің шетелмен байланысы облыстық филармониямен шектелмейтіні анық. С.Торайғыров атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы көршілес Ресей өңіріндегі әріптестерімен ынтымақтастығын нығайтуда.

Өткен жылы екі елдің дарынды жастары қатысқан ZhaStar жобасы аясында Павлодар, Новосібір облыстық кітапханалары жалпы саны 9 кездесу ұйымдастырған. Оның жетеуі Павлодарда өтсе, тағы екеуі Ресей жерінде ұйымдастырылған. Кітапхана Моңғолияның Байөлке аймағымен де тығыз байланыста жұмыс істейді.
Өткен жылдың желтоқсан айында Павлодар облыстық көркемсурет музейінде өткен Қытай Халық Республикасының тарихын және жетістіктерін баяндайтын «70 жылдың даңқты жетістіктері» атты фотокөрмесі естеріңізде болар. Бұл да - халықараық мәдени байланыстардың жемісі. Аймағымыздың мәдениет мекемелері осы бағыттары жұмыстарды жалғастыра бермек. Басты мақсат - қазақ өнерін, ұлттық құндылықтарын әлемге паш ету, - дейді Ернұр Дәуенов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы