Ерболат Досаев тағы бір қызметке тағайындалды
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі басқарушы органдарының жаңартылған құрамын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Холдингтің директорлар кеңесінің жаңа құрамы 26 желтоқсанда бекітіліп, тиісті ақпарат 13 қаңтарда KASE сайтында орналастырылған. Құжатқа сәйкес, директорлар кеңесінің төрағасы қызметін Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов атқарады.
Директорлар кеңесінің құрамына бірқатар жоғары лауазымды мемлекеттік тұлғалар енді. Атап айтқанда, бірінші вице-премьер Роман Скляр, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, қаржы министрі Мәди Такиев, сондай-ақ өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бар. Ал «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы қызметі бұрынғыдай Рустам Қарағойшинге жүктелді.
Жаңартылған құрамда Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев пайда болды. Қазіргі уақытта ол Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарады. Осы тұста Ерболат Досаев 2016-2017 жылдары «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы болғанын айта кетейік.
Сонымен қатар директорлар кеңесінде тәуелсіз директор мәртебесіне ие 3 шетелдік сарапшы жұмысын жалғастырып жатыр. Олар – кадрлар, сыйақылар және әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитеттің төрайымы, Францияның экс-президенті Жак Ширактың бұрынғы кеңесшісі Мари-Элен Берар, стратегиялық жоспарлау комитетінің төрағасы, Халықаралық салық және инвестициялар орталығының президенті Дэниел Алан Витт және аудит комитетін басқаратын, Bosch Rexroth компаниясының бұрынғы топ-менеджері Норберт Манфред Грундке.
Аталған шетелдік директорлар бұған дейін де «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесінде қызмет атқарған.
Бұған дейін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ерболат Досаев «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі де болып тағайындалған еді.