Эр-Рияд әуежайына қайтадан шабуыл жасалды: 14 адам қаза тапты
Эр-Рияд әуежайына жасалған соңғы шабуылдар: зардап шеккендер мен қаза тапқандар саны.
Эр-Риядтағы король Халид атындағы әуежайға екі күнде екінші рет жасалған соққы салдарынан Пәкістан азаматы қаза тауып, терминалдар маңында тағы 11 адам жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Al Jazeera-ның жазуынша, 11 қазан күні снаряд ішкі рейстерге қызмет көрсететін №3 және №4 терминалдарға түскен. Бұл соңғы екі күндегі екінші шабуыл.
Сауд Арабиясының Азаматтық авиация басқармасы Пәкістан азаматының қаза тапқанын мәлімдеді. Тағы 11 адам түрлі жарақат алып, бірнеше ауруханаға жеткізілді.
Куәгердің агенттікке хабарлауынша, снаряд сағат 20:30 шамасында тоқтап тұрған ұшақтардың жанындағы перронға түсіп, өрттің тұтануына себеп болған. Лайнерлердің бірінің экипажы ұшақты қайтадан шығу өткеліне бұрғаннан кейін, жолаушылар борттан шығарылды.
Бұдан бір күн бұрын хуситтердің зымыраны Эр-Риядтағы дәл осы әуежайға соққы берген еді. Шабуыл салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 309 адам жарақат алған болатын. Соққы жолаушылар мен қызметкерлер орналасқан әуежай аумағына тиген.
Кейінірек Үндістан елшілігі сенбі күнгі шабуыл кезінде жарақат алған өз азаматының қайтыс болғанын хабарлады. Зардап шеккен адамның көз жұмуымен соққы салдарынан қаза тапқандардың жалпы саны 13 адамға жетті.
Бұған дейін Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Air Astana компаниясы Дубайға жүретін рейстерін тоқтатқан еді.
Сондай-ақ, ҚР СІМ Сауд Арабиясындағы шабуылдарға қатысты мәлімдеме жасады.