Энергияны үнемдеу арқылы көміртек бейтараптылығына қалай қол жеткіземіз?

Бүгін елімізде IV Халықаралық энергия үнемдеу Форумы өтіп жатыр. Аталған жиында өнеркәсіптік энергия тиімділігін пайдалана отырып, көміртегі бейтараптығына көшу секілді жаһандық мәселелер талқылануда, деп жазады BAQ.KZ тілшісі. 

«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ климаттың өзгеруі департаментінің директоры Жақсылық Тоқаев елімізде энергия үнемдеу бағытындағы саясат қалай жүріп жатқанын айтып берді. 

 - Бүгінгі іс-шараның мақсатына тоқталсаңыз? 

Форум 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Бүгінгі іс-шара энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған. Жалпы, биыл өндірістер мен ғимараттардың энергия тиімділігіне баса назар аударылып отыр. Өйткені жақында жүргізілген талдау бұл секторлар энергия ресурстарының негізгі тұтынушылары екенін көрсетті. Әрине, энергияны тұтыну әркез бірінші орында болары сөзсіз, бірақ бүгін біз оны үнемдеудің тиімді жолдарын қарастыратын боламыз. 

 - Форумның  қозғап отырған мәселелерінің бірі 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі болып отыр. Бұл энергия тиімділігі саласымен қалай байланысты?

Мемлекет басшысы 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу міндетін қойды. Сонымен қатар, біздің еліміз ратификациялаған Париж келісіміне сәйкес шығарындылар көлемін 2030 жылға дейін 15 пайызға төмендету міндеті қойылды. Энергияны үнемдейтін саясат - көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің негізгі құралы. Жалпы энергия тиімділігі идеологиясының өзі шамамен 50 жыл бұрын, 1973-1979 жылдардағы мұнай дағдарысы кезінде пайда болды. Сондықтан экономиканың барлық салалары үшін көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің негізгі құралы - бірінші кезеңде энергия тиімділігі деп толық айтуға болады.

 - Бұл бағытта Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы қандай рөл атқарады?

Біздің халықаралық жасыл технологиялыр және инвестициялық жобалар орталығы «ең озық қолжетімді техникалардың» және жасыл технологиялардың операторымыз. Біз жасыл экономика саясатын іске асыруға мүмкіндік беретін жобаларға қолдау көрсетеміз. Қоршаған ортаға зиянын тигізіп, улы газдар мен қоқыс қалдықтарын көбейтетін кәсіпорындардың алдын алуға тырысамыз. Еліміздегі кәсіптік бағыттағы түрлі жобаларға анықтама жасаймыз. Анықтамада қандай экологиялық мәселелердің алдын алуға арналған ережелер мен қағидаттар жазылады. Жоғарыда аталған бағыттар да біздің негізгі міндеттерімізге кіреді деп толық айтуға болады. Сондай-ақ, біздің орталық қоршаған ортаны қорғау, көміртегі бейтараптығы, сондай-ақ экология мәселелері талқыланатын YouTube арнасында Greеn Talks подкаст/сұхбат форматында пилоттық режимде бағдарламаны іске асыру үстінде екенін атап өткен жөн. 

Әңгімеңізге рақмет! 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы