Энергетика министрлігі: Теңіз кен орны жақын күндері іске қосылады

Атырау облысындағы кен орындарында өндірістік операцияларды қалпына келтіру бойынша айтарлықтай ілгеріледі. Белгілі болғандай, Теңіз кен орны жақын күндері іске қосылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, маңызды кезең ретінде 26 қаңтарда Екінші буын зауытының сәтті іске қосылуын атап өтуге болады. Қазіргі уақытта зауыт жұмысы бүгін таңғы сағат 04:00-де іске қосылған Королев кен орнының шикізаты есебінен қамтамасыз етілуде. Қазіргі уақытта шикізат ағыны тәулігіне 2 500 тоннаны құрайды. Мамандар жүйені толтыру және жобалық қуатқа шығу үшін мультифазалық ағынды беру көлемін жоспарлы түрде арттыруда.

Теңіз кен орнында қазіргі сәтте барлық күштер мен техникалық ресурстар толық жұмылдырылды. Энергетикалық нысандар мен электр энергиясын бөлу жүйелерін тексеру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Ресми ақпаратқа сәйкес, нысанда қорытынды техникалық сынақтар өткізу үшін барлық қажетті персонал жұмылдырылған. Қазіргі таңда энергиямен жабдықтау жүйесінің қауіпсіз іске қосылуы расталды, Теңіз кен орны жақын арада іске қосылатын болады. «Теңізшевройл» компаниясына өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау (HSE) талаптарын қатаң сақтай отырып, өндірісті барынша жедел қалпына келтіру міндеті жүктелді, - деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Фото: Энергетика министрлігі

Екінші буын зауытының сәтті іске қосылуына арнайы технологиялық өтпелі желі монтажының жедел аяқталуы септігін тигізді. Кестенің келесі маңызды кезеңі — 2 ақпан. Бұл күнге қарай компрессор мен төрт трансформаторды пайдалана отырып, Қысымды арттыру жүйелері арқылы жұмысты қайта жандандыру жоспарлануда. Бұл Технологиялық желілер кешені мен Екінші буын зауытына шикізатты толыққанды әрі тұрақты беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ТШО-ға техникалық шараларды үйлестіруде жан-жақты қолдау көрсетіп, жағдайға сағат сайынғы мониторинг жүргізуде.

Барлық қалпына келтіру жұмыстарын тікелей Теңіз кен орнында жедел бақылау және үйлестіру мақсатында ведомство мен ұлттық компания басшылығы сол жерде тұрақты түрде жұмыс істеуде. Атап айтқанда, ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев пен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ірі мұнай-газ жобалары департаментінің директоры Жандос Жылқайдаров бақылауды тікелей нысан басында жүзеге асыруда, - делінген министрліктің ресми хабарламасында.

Өндірістік циклді қалпына келтіру мәселесі Энергетика министрлігі басшылығының ерекше әрі тұрақты бақылауында. ТШО компаниясы сенімді өндірістік қызметті қамтамасыз етуге бейілділігін сақтай отырып, барлық инфрақұрылымның дайындығы мен процестердің қауіпсіздігі расталған сайын өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттыратын болады.

Еске салсақ, бұған дейін Теңізде ГТЭС-4 нысанында трансформатор өртенген еді.

Бүгін Үкіметте Теңіз бен Қашағандағы ахуал талқыланды. Олжас Бектенов ExxonMobil вице-президенті Питер Ларденмен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы