Енді мемлекеттік тілді, тарихты білмегендерге азаматтық берілмейді
Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заңға енгізілген өзгерістер негізінде "Азаматтық туралы" заңда азаматтыққа қабылдаудан бас тартудың негіздері нақтыланды.
Енді мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, еліміздің тарихы мен Конституциясының негіздерін білмеген жағдайда азаматтық берілмейді. Қажетті деңгейді Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайтын болады.
Сондай-ақ мұндай түзетулер азаматтардың қоғамға тез бейімделуін көздейді.
Тілді білу қоғамға тезірек сіңіп, мемлекет өміріне араласуы үшін қажет. Айта кету керек, бұл түзетулер әлемдік тәжірибеге сай. Көптеген елде азаматтық алу үшін мемлекет тарихы мен мемлекеттік тілді білу бойынша емтихан тапсыру қажет. Мысалы, Германияда азаматтық алу үшін үміткерлерге неміс тілін білуге, мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауға жоғары талаптар қойылады. Канадада тарихты және жергілікті тұрғындардың міндеттерін білу, сондай-ақ провинцияға байланысты ағылшын немесе француз тілдерін білетіндігін растайтын тест тапсыру қажет, - деді ол.
Сондай-ақ қос азаматтықты болдырмау үшін ҚР азаматтығынан айырудың жаңа негізі енгізілгенін атап өтті.
Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің паспорттарын пайдаланған жағдайда, біздің еліміздің азаматтығы тоқтатылады. Бұған дейін шет мемлекеттің азаматтығын алғаны үшін ғана ҚР азаматтығы тоқтатылатын, - деді ол.