Енді бұрын қолданылған көлік нөмірін туыстарға қайта рәсімдеуге болады
Бүгіннен бастап Қазақстанда жүргізуші куәлігі мен көлік нөмірін алу тәртібі өзгереді.
Қазақстанда 2026 жылдың 25 мамырынан бастап жүргізуші куәлігін алу, көлікті тіркеу және мемлекеттік нөмір беру жүйесіне қатысты жаңа өзгерістер күшіне енеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. Енді кей қызметтер толық онлайн форматқа көшіп, жүргізушілер үшін бірқатар талап жаңарады.
Ең көп талқыланып жатқан өзгерістің бірі – автоматты беріліс қорабымен емтихан тапсырған жүргізушілерге қатысты. Бұған дейін мұндай азаматтардың куәлігінде арнайы шектеу белгісі қойылып, механикалық қораптағы көлікті жүргізуге рұқсат берілмейтін. Ал жаңа ережеге сәйкес бұл талап алып тасталады. Яғни енді “автоматпен” тапсырған жүргізушілер де механика жүргізе алады.
Жүргізуші куәлігін алу кезінде бақылау күшейеді
Теориялық емтиханда бос қалдырылған сұрақтар енді қате жауап ретінде есептеледі. Ал биометриялық сәйкестендіруден өте алмаған адамға 6 айға дейін емтихан тапсыруға шектеу қойылуы мүмкін.
Өзгеріс көлік сатып алатындарға да әсер етеді
Енді көлікті сату-сатып алу келісімін онлайн рәсімдеуге мүмкіндік беріледі. Яғни нотариусқа немесе ХҚКО-ға бармай-ақ, eGov пен банк қосымшалары арқылы мәміле жасауға болады. Жүйе көліктің айыппұлы, кепілде тұрғаны немесе іздеуде бар-жоғын автоматты түрде тексереді.
Мемлекеттік нөмір беру процесі цифрландырылады
Кейбір нөмірлерді онлайн таңдау мүмкіндігі кеңейіп, рәсімдеу кезінде биометриялық тексеру қолданылады. ІІМ мұның бәрі делдалдарды азайтып, жалған құжаттардың алдын алу үшін жасалып жатқанын айтады.
Сондай-ақ бұрын қолданылған нөмірді туыстар мен мұрагерлерге қайта рәсімдеуге рұқсат беріледі. Бұған дейін бұл мүмкіндік тек сұранысы жоғары VIP нөмірлерге ғана қатысты болған.
Автомектептер толық цифрлық бақылауға көшеді
Енді оқу процесі арнайы “Автомектеп” жүйесі арқылы бақыланады. Сабаққа қатыспай-ақ сертификат алу немесе “жалған оқыды” деген схемалар автоматты түрде анықталмақ. Сондай-ақ жүргізуші куәлігінің электронды нұсқасы eGov Mobile қосымшасында қолжетімді болады. Ал дайын пластик құжаттар ХҚКО-ларда 30 күн ғана сақталады.
Бұған дейін жүргізушілер «әдемі» нөмірлерді үйден шықпай-ақ таңдай алатыны туралы хабарлаған болатынбыз.
Тағы оқи отырыңыз: Гибрид көлік алған қазақстандықтарға неге миллиондап салық есептеліп жатыр?