Гибрид көлік алған қазақстандықтарға неге миллиондап салық есептеліп жатыр?

Шетелдік көліктерге қатысты дау «сұр импорт», кедендік рәсімдеу және гибридтерді жіктеу мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 16:37
Бүгiн 2026, 16:37
263
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда Қытайдан әкелінген гибрид көліктеріне қатысты дау күшейді. Әлеуметтік желіде есепшоттардың бұғатталғаны, көлік иелеріне ірі көлемде қосымша салық есептелгені туралы ақпарат тарады. Осыдан кейін Мемлекеттік кірістер комитеті ресми түсініктеме беріп, жаппай бұғаттау болмағанын мәлімдеді.

Алайда мәселе мұнымен біткен жоқ. Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай Қазақстандағы «сұр импорт» жүйесінің әлсіз тұстарын, кедендік рәсімдеу кезіндегі қайшылықтарды және гибрид көліктерге қатысты заңнаманың толық реттелмегенін көрсетіп отыр. BAQ.KZ тілшісі мәселенің мән-жайын сарапшылармен бірге талдап көрді.

Салық органдары не дейді?

Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті шетелден әкелінген гибрид көліктерін импорттаған компаниялардың банк есепшоттары жаппай бұғатталды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Ведомство мәліметінше, кедендік декларациялау кезінде дұрыс емес ақпарат көрсеткен сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына заңбұзушылық туралы хабарламалар жіберілген. Әңгіме 450 импорттаушы рәсімдеген 623 көлік туралы болып отыр.

Қолданыстағы заңнама аясында банк есепшоттары бойынша шығыс операцияларын шектеу шаралары тек 45 заңды тұлға мен жеке кәсіпкерге қатысты қолданылды, - деп мәлімдеді комитеттен.

Ал банк есепшоттары бойынша шығыс операцияларына шектеу тек 45 заңды тұлға мен жеке кәсіпкерге қатысты қолданылған.

МКК түсіндіруінше, тексерулерге гибрид көліктердің электрқозғалтқышындағы «30 минуттық қуат көрсеткішін» төмендетіп көрсету жағдайлары себеп болған. Бұл кей импорттаушыларға кедендік баж салығынан босатылуға мүмкіндік берген.

Енді мәліметтердің дұрыстығы шетелдік гибрид марканың ресми өкілі ұсынған зауыттық техникалық сипаттамалар арқылы тексеріліп жатыр.

«Бұл тек бір көлікке қатысты мәселе емес»

Қазақстан Автокөлік одағының президенті Анар Мақашева бұл жағдай тек бір брендке қатысты мәселе емес екенін айтады. Оның сөзінше, түйткіл гибрид көліктерді кедендік рәсімдеу тәсілінен шыққан.

Қазіргі тексерулердің негізгі себебі нақты BYD брендіне емес, гибрид көліктерді кедендік рәсімдеудің ерекшеліктеріне байланысты. Кей жағдайларда гибрид көліктер электромобиль ретінде рәсімделіп, соның салдарынан сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы (СЭҚ ТН) кодтары дұрыс көрсетілмеген және кедендік төлемдер мен салықтар қате есептелген. Осыған байланысты мемлекеттік органдар кедендік рәсімдеудің дұрыстығын тексеріп, кейбір жағдайда қосымша кедендік төлемдерді есептеп жатыр, – дейді ол.

Анар Мақашеваның айтуынша, бұл көлік иелерін жаппай жазалау емес, заңнама мен кеден рәсімдерінің сақталуын тексеру шарасы.

Сонымен қатар ол қарапайым көлік иелеріне ең үлкен қауіп «сұр импорт» кезінде туындайтынын атап өтті. Әсіресе көлік Қазақстан аумағында сатып алынғанымен, барлық кедендік құжат сатып алушының атына рәсімделетін схемалар күмән туғызады.

Мұндай тәсілдер көбіне “сұр импорт” санатына жатады. Бұдан бөлек, азаматтар шетелден көлік сатып алғанда оның кепілде, лизингте немесе басқа мемлекетте іздеуде жүруі сияқты тәуекелдерге де тап болуы мүмкін, – дейді Автокөлік одағының басшысы.

Делдалдар көбейген

Авто сарапшы Алексей Алексеевнің айтуынша, гибрид және электр көліктеріне сұраныстың күрт өсуі кездейсоқ емес.

Оның сөзінше, Қазақстан нарығында ресми дилерлерден бөлек, көлікті шекара сыртынан бейресми жолмен әкелетін делдалдар көбейген. Мәселенің басы да осы тұстан басталады.

Адам көлікті автосалоннан алмайды. Көлік алдымен шетел азаматының атына рәсімделеді. Қазақстандағы компания тек шетелдік сатушы мен жергілікті сатып алушыны байланыстыратын делдал ретінде әрекет етеді. Нәтижесінде көлік Қазақстанға келгенде заң жүзінде қолданылған көлік санатына өтіп кетеді. Ал делдал компания өз комиссиясын алып, шетте қалады, – дейді Алексей Алексеев.

Гибрид пе, әлде электромобиль ме?

Даудың негізгі бөлігі гибрид көліктерді қалай жіктеу керек деген сұраққа тіреліп отыр.

Сарапшылардың айтуынша, мәселе «30 минуттық қуат индикаторы» деп аталатын техникалық көрсеткіштен шыққан. Егер электр қозғалтқышының қуаты бензин қозғалтқышынан жоғары болса, кей жағдайда көлік электромобиль ретінде рәсімделген.

Алайда Алексей Алексеев мұндай тәсілдің өзі даулы екенін айтады.

Негізі гибрид көлік бәрібір гибрид болып қала береді. Онда әрі бензин қозғалтқышы, әрі электр жүйесі бар. Сондықтан мұнда қай қозғалтқыш қуатты деген ереже қолданылмауы керек. Ең бастысы – ол гибрид пе, жоқ па, соны анықтау, – дейді сарапшы.

Алексей Алексеевтің сөзінше, егер ресми дилер мен «сұр нарықтағы» баға айырмашылығы үлкен болып қала берсе, адамдар тәуекелге қарамастан бейресми нарықты таңдай береді.

Бұл – әлі толық қалыптаспаған жас нарық. Гибрид көліктер Қазақстанға енді ғана жаппай келе бастады. Жаңа брендтер, жаңа модельдер көбейеді. Сондықтан мұндай коллизиялар әзірге бола береді, – деп пайымдады сарапшы.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы гибрид және электромобиль нарығы әлі де нақты әрі түсінікті ережелерді қажет етеді. Әйтпесе бүгін заңды саналған рәсім ертең дауға айналып шыға келуі мүмкін.

Тағы оқи отырыңыз: Қытай автокөлігі: нарық пен қауіп 

Шетелден әкелінген көлік кейін тәркіленуі мүмкін: Автоодақ ескерту жасады 

Наверх