Ұстаз еңбегі енді оқушы тұлғасын дамыту арқылы бағаланады
Педагогтерді аттестаттаудың жаңа моделі таныстырылды.
Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова пилоттық режимде енгізіліп жатқан аттестаттаудың жаңа моделін таныстырды. Жаңа жүйе мұғалімдердің жүктемесін азайтып, олардың негізгі қызметіне басымдық беруді көздейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ОКҚ өткен брифингте вице-министр жаңа модельдің басты мақсаты – педагогтердің артық жүктемесін қысқарту екенін атап өтті.
Ең бастысы, қазіргі модель ұстаздардың артық жүктемесін қысқартып, олардың білім және тәрбиеге байланысты еңбектеріне басымдық береді. Педагог қызметі енді тек академиялық көрсеткіштермен ғана емес, ең алдымен оқушы тұлғасын қалыптастыруға қосқан нақты үлесі арқылы бағаланады, – деді Шынар Ақпарова.
Санаттар бойынша не өзгереді?
Педагог-модератор
- Ашық сабақтар саны қысқарады: бұрын жыл сайын 5 сабақ (аттестаттау кезеңінде 25 сабақ) болса, енді аттестаттау кезеңінде барлығы 4 ашық сабақ жеткілікті
- Біліктілікті арттыру көлемі 72 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқарады
- Білім беру ұйымы деңгейінде шығармашылық (сараптамалық, жұмыс) топтарға, жобаларға (әлеуметтік, ғылыми, зерттеу, волонтерлік және т.б.) қатысу талап етіледі
- Сынып сағаттары немесе сыныптан тыс іс-шаралар (6 сағат) өткізу талабы енгізіледі
Педагог-сарапшы
- Ашық сабақтар саны қысқарады: енді аттестаттау кезеңінде барлығы 4 сабақ жеткілікті, оның ішінде 1-еуі аудан/қала деңгейінде
- Біліктілікті арттыру көлемі 72 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқарады
- Шығармашылық топтарға және жобаларға қатысу талап етіледі
- Сынып сағаттары немесе сыныптан тыс іс-шаралар (6 сағат) өткізу енгізіледі
- Бұрынғы семинар, конференцияда баяндама жасау талабы тәжірибені тарату форматымен алмастырылады (аудан/қала деңгейінде)
Педагог-зерттеуші
- Ашық сабақтар саны қысқарады: аттестаттау кезеңінде барлығы 6 сабақ (оның ішінде 3 офлайн, 3 онлайн), 1-еуі облыс деңгейінде
- Біліктілікті арттыру көлемі 80 сағаттан 72 сағатқа дейін қысқарады
- Шығармашылық топтар мен жобаларға қатысу талап етіледі
- Сынып сағаттары немесе сыныптан тыс іс-шаралар (6 сағат) өткізу енгізіледі
- Семинар/конференция талабы тәжірибені тарату форматымен алмастырылады (облыс деңгейінде)
- Кемінде 2 педагогке әдістемелік сүйемелдеу жүргізу талабы енгізіледі (тәлімгерлік емес)
- Тәуекел тобындағы балаларды анықтау бойынша біліктілікті арттыру курсынан өту қажет
Педагог-шебер
- Ашық сабақтар саны қысқарады: аттестаттау кезеңінде барлығы 8 сабақ (4 офлайн, 4 онлайн), оның ішінде 1-еуі республикалық деңгейде
- Біліктілікті арттыру көлемі 108 сағаттан 72 сағатқа дейін қысқарады
- Шығармашылық топтар мен жобаларға қатысу талап етіледі
- Сынып сағаттары немесе сыныптан тыс іс-шаралар (6 сағат) өткізу енгізіледі
- Семинар/конференция талабы тәжірибені тарату форматымен алмастырылады (республикалық деңгейде)
- Кемінде 3 педагогке әдістемелік сүйемелдеу жүргізу талабы енгізіледі
- Тәуекел тобындағы балалармен жұмыс бойынша біліктілікті арттыру міндеттеледі
- Қосымша түрде менторлық, тәлімгерлік және волонтерлік белсенділік ескеріледі.
Бұған дейін мұғалімдердің еңбек демалысы 56 күнге дейін ұзартылғаны белгілі болған еді.
Сондай-ақ Қазақстанда педагогтерді аттестациялау жүйесіне өзгеріс енгізіліп жатқанын жаздық.