Еңбекмині Әлеуметтік-еңбек саласы бойынша қоғамдық кеңестің отырысын өткізді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік-еңбек саласы бойынша қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы шеңберінде 2022 жылы халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары, жеке және заңды тұлғалардың әлеуметтік-еңбек саласының қоғамдық маңызы бар мәселелері бойынша өтініштері және т. б. қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осылайша, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің көрсетілген шаралары және осы бағыттағы алдағы жоспарлар туралы ақпаратты ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов таныстырды.

Ол өз сөзінде еңбек нарығының ағымдағы жай-күйі, 2022 жылы жұмысқа орналасу бойынша көрсеткіштер туралы айта отырып, осы көрсеткіштерге қол жеткізуге септескен қолдау шараларына егжей-тегжейлі тоқталды.

Оның айтуынша, алдыңғы жылдармен салыстырғанда 2021 жылы жұмыс күші санының өсу көрсеткіші екі есеге артып, 76 мың адамға жетті.

 Бұл ретте еңбек нарығына пандемия да, әлемдік экономикалық үрдістер де әсер етті. Сонымен қатар, қазір еңбек нарығына екі мыңыншы жылдары туылған азаматтар шыға бастады. Бұл өзгерістер әсіресе жастар арасында жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылдауды талап етеді. Сондықтан халықты жұмыспен қамту бойынша жұмыс бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде, бұл қолдау көрсету ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді, – деп бөлісті Асқар Ниязов.

Мәселен, Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әрбір 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру бойынша жұмыс жүргізілуде, сондай-ақ 10 Ұлттық жоба іске асырылуда, азаматтарды еңбек күші артық өңірлерден еңбек күші тапшы өңірлерге көшіруге жәрдемдесу шаралары көрсетілуде.

Осының арқасында 900 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 28,8% – ұлттық жобалар шеңберінде, 37,1% – «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бағыты бойынша және 34% - жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындары есебінен орналасқан.Бұл ретте ай сайынғы зейнетақы аударымдары азаматтардың 81%-ы үшін жүзеге асырылады, бұл олардың жұмысқа орналасуын растау болып табылады, – деп қорытындылады Асқар Ниязов.

Отырыс барысында қатысушылар ведомствоға жүгінген жеке және заңды тұлғалар көтеретін негізгі проблемаларды және 2022 жылғы 11 айдағы халықпен кездесулердің қорытындыларын талқылады, соның негізінде Еңбекминінде проблемалық мәселелерді шешу бойынша іс-қимыл жоспары әзірленуде.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында биылғы жылдың желтоқсанында ЕХӘҚМ ережесі өтініш берушілердің өтініштерде көтеретін жүйелі проблемаларын талдау және анықтау жөніндегі функциямен толықтырылды, соның негізінде тиісті ден қою шараларын әзірлеу және қабылдау жүргізілетін болады.

Бұдан басқа отырыста ЕХӘҚМ ведомстволық бағынысты ұйымдары «Мемлекеттік аннуитеттік компаниясы» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ және «Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-тәжірибелік орталығы» ШЖҚ РМК дамыту жоспарлары, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен қызметкерлердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауы жөніндегі ведомство жұмысының нәтижелері қаралды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы