«Еңбек – елдің мұраты» жобасы: Басымдық балалар мен жастарға беріліп отыр – Балаева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қоғамдық сананы жаңғырту бойынша Ұлттық комиссия отырысында пандемия тудырған қоғамдағы өзгерістерге байланысты бірқатар жаңа арнайы жобалар іске қосылғанын айтты.

Пандемия тудырған қоғамдағы өзгерістерге байланысты бірқатар жаңа арнайы жобалар іске қосылды. Жалпы, бұл бағытта жыл басында министрлік жанындағы Қоғамдық даму институты 12 жоба дайындаған болатын. Оның ішінен Президент Әкімшілігінің шешімімен 4 арнайы жоба іріктеліп алынды. Бұлар: 

- Елбасымыз айтқан прагматикалық өмір салтына, бәсекеге қабілеттілік пен озық білімге негізделген «Үнем – қоғам қуаты»; 

- дарақылық пен ысырапшылдық, бос мақтан мен өзімшілдіктен арылуға бағытталған «Дәстүр мен ғұрып»; 

- елдің құқықтық сауатын көтеріп, санасын ашуға бағытталған «Құқықтық мәдениет»; 

- еңбекқорлығы мен масылдықтан бас тарту, кәсіп жасау сияқты қасиеттерін дәріптейтін «Еңбек – елдің мұраты» деген арнайы жобалар, - деді ол. 

Министр олардың қамтитын тақырыптық шеңбері атауынан әлдеқайда кең екеніне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда, әсіресе, қоғамның экологиялық мәдениетін көтеру өте өзекті. 

Бұл жөнінде ел Президенті түрлі мінберден айтып келеді. Сондықтан да, біз осы саладағы қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, жаңа экологиялық этиканы қалыптастыруға үндейтін – экософия тұжырымдамасын бекітіп, келесі жылдың жоспарына енгізуді көздеп отырмыз.  Сол сияқты, «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы аясында дін саласында «Ас беру мәдениеті» және «Мазар әдебі» сияқты регламенттік құжаттарды дайындауды қолға алсақ, «Еңбек – елдің мұраты» жобасы шеңберінде NEET санатындағы жастармен кешенді жұмыс жүргізуді жоспарлап қойдық. Қазіргі таңда осы 4 арнайы жоба аясындағы практикалық шаралар зиялы қауым мен әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерінің ортақ пікірлесуі нәтижесінде жасақталып, қоғам тарапынан қолдау тауып отыр. Келіп түскен ұсыныстар ескеріліп, 2021 жылғы республикалық жоспар жинақталып жатыр, - деді ол. 

Аида Балаева бұл іс-шаралар бұрынғыдай жалпыхалықтық сипатта емес, жас ерекшеліктеріне орай, әр топтың рухани қажеттілігін ескере отырып, мақсатты әрі адресті түрде жүзеге асыруға негізделгенін атап өтті. Соның ішінде, басты басымдық балалар мен жастарға беріліп отыр.

Келесі бір ерекшелік - ұлт үшін аса маңызды үш мұрат – білім, денсаулық және еңбек айналасындағы іс-шаралар кешенінен қалыптасатын болады. Мысалы, бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған жас ұрпақты қалыптастыруға арналған «Ұлттық тәрбие», жастардың ғылыми жетістіктері туралы «Ақылды ұрпақ», еңбек адамы болуға шақырған «Профориентация», кітап оқитын жастардың санын арттыру, жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыру, бос уақытты тиімді жоспарлау сияқты іс-шаралар қамтылған «Тәрбие-таным» жобалары бар, - деді министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы