«Еңбегі мүлде болмаған»: Атырауда 6 айлық сәбиге күрделі ота жасалды
Атырау облысында 6 айлық балаға бас сүйегінің туа біткен даму ақауына байланысты күрделі нейрохирургиялық операция жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сәбидің анасы туғаннан бастап баласының еңбегі жоқ екенін, сондай-ақ бас сүйегінің бойлық бағытта ұзарып, өзгеше қалыптасып жатқанын байқаған. Осыған алаңдаған анасы баласын ауруханаға жеткізіп, медициналық тексеруден өткізген.
Нейрохирургтің кеңесінен кейін нәрестеге бас сүйек сүйектерінің туа біткен патологиясы – сагитталды краниосиностоз диагнозы қойылды. Бұл патология кезінде бас сүйек жіктері мерзімінен бұрын бітіп, сүйектердің қалыпты өсуіне кедергі келтіреді. Осыған байланысты сәбиге жоспарлы түрде хирургиялық ем жүргізу туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде титан пластиналарын қолдану арқылы краниотомия операциясы жасалды. Аталған операция жоғары хирургиялық дәлдікті, кәсіби шеберлік пен мол тәжірибені талап ететін күрделі нейрохирургиялық оталардың бірі саналады. Операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтуде. Қазіргі уақытта сәбидің жағдайы тұрақты, дәрігерлердің бақылауында және тиісті ем қабылдап жатыр, - деп хабарлады Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасы.
Айта кетейік, бұған дейін дәрігерлер Қарағандыда жаңа туған нәрестеге күрделі жүрек операциясын жасады.
Тағы оқи отырыңыз:
Алматыда 31 магнит жұтып қойған бір жасар балаға шұғыл ота жасалды
Алматыда 5 жасар баланың жұлынып қалған саусағы қалпына келтірілді
Бетінде тыртық қалып, жүйкесі зақымданған: Ақтаулық әйел сәтсіз пластика үшін хирургті сотқа берді