Ең төменгі жалақы өссе, мобильді аударымдарға қойылатын талаптар да өзгереді
Бүгінде мобильді аударымдарға қатысты үш негізгі критерий белгіленген.
Қазақстанда ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) арттыру мәселесі талқыланып жатыр. Осыған байланысты мобильді аударымдарға қойылатын критерийлер қайта қарала ма деген сұраққа Мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынберген жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астанада өткен салықтық әкімшілендіру мәселелеріне арналған конференция кулуарында ол мобильді аударымдарға қатысты талаптардың ЕТЖ-ға байланысты екенін айтты.
Бізде байланыс ЕТЖ-ға қарай жасалған. Егер ЕТЖ өсетін болса, әрине, біз де бұл көрсеткіштерді қайта қараймыз. Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, тиісті сомалар кезең-кезеңімен ұлғайтылатын болады, – дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, мобильді аударымдар бойынша мәліметтер банктер тарапынан нақты бекітілген критерийлерге сәйкес Мемлекеттік кірістер комитетіне ұсынылады. Ақпаратты тапсыру мерзімі 15 сәуірге белгіленген. Қазіргі таңда деректер қабылданып, талдау жүргізіліп жатыр.
Кейбір банктер мәліметтерді қағаз түрінде жолдады. Сондықтан барлық ақпарат толық түскен жоқ, сәйкесінше оны талдау белгілі бір уақытты талап етеді, – деді Ерқанат Шынберген.
Салық органдарының мәліметінше, бұл шара ең алдымен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған. Сонымен қатар жеке карталарды кәсіпкерлік мақсатта пайдаланатын тұлғаларды анықтау көзделіп отыр.
Бүгінде мобильді аударымдарға қатысты үш негізгі критерий белгіленген.
Біріншісі – үш ай қатарынан әр айда жеке шотқа 100 түрлі адамнан аударым түсуі тиіс. Бұл жерде аударым саны емес, нақты әртүрлі тұлғалар саны есепке алынады.
Екіншісі – бұл талап үш ай бойы үздіксіз сақталуы керек. Егер осы кезеңдегі кез келген айда көрсеткіш төмен болса, онда мұндай жағдай есепке алынбайды және мәліметтер берілмейді.
Үшінші критерий – үш ай ішіндегі жалпы түсім сомасы 1 миллион 20 мың теңгеден асуы қажет.
Осы үш талап бір мезгілде орындалған жағдайда ғана банктер тиісті ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитетіне жолдайды.
Одан кейін біз бұл деректерді талдаймыз. Алдымен жеке тұлғаның кәсіпкер ретінде тіркелген-тіркелмегенін тексереміз. Екіншіден, тіркелген кәсіпкерлердің табысын төмендету деректерін қараймыз. Мысалы, кейбір жеке кәсіпкерлер табысты фискализацияламай, аударымдар арқылы кірістерін жасырып, декларацияда аз көрсетуі мүмкін, – дейді ол.
Оның сөзінше, анықталған фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге өседі. Бұл туралы Үкімет кулуарында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.
Сондай-ақ, қандай мобильді аударымдар тексерілетіні нақты айтылды. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов түсіндіріп берді.