Ең төменгі жалақы – 85 мың теңге: 2026 жылы ол не себепті өспейді?

Қазір елімізде ең төменгі жалақы 85 мың теңге. Үкімет 2026 жылы оны не себепті өсірмеу туралы шешім қабылдады? Үкіметте өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осы мәселені түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ең төменгі жалақы – ол экономикалық көрсеткіш. Жұманғариннің сөзінше, мемлекет одан төмен жалақыны қоя алмайды. Сонымен қатар әр салада орташа жалақы бар.

Ең төменгі жалақыны көтеру үшін алдымен жақсылап ойлану керек. Себебі азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ететін кезде ЕТЖ әсер етеді. Ең төменгі жалақыны кім алады? Мысалы, оны тәжірибесі төмен адамдар алады. Ал тәжірибесі жоғары кәсіби мамандарға ең төменгі жалақы ешқандай әсер етпейді. Тәжірибесі төмен, жас, білімі жоқ адамдар ЕТЖ алады. Егер ертең оны көтерсек, олар жұмыссыз қалуы мүмкін. Сонымен қатар ЕТЖ көтерсек, ол ертең тауарлардың бағасына әсер етеді. Себебі айлық тауардың құнымен байланысты. Тауар қымбаттаса, инфляция өседі, - деді Жұманғарин.

Ең төменгі жалақы бюджеттің шығысына да әсер ететінін атап өтті. Оны да есептеу қажет. Себебі ол біраз көрсеткішке әсер етеді.

ЕТЖ-ны көтеру туралы шешім қабылдағанда алдымен жақсылап есептеп алу керек. Келесі жылғы бюджетті дайындағанда біз оның бәрін есептедік, - деп түсіндірді Үкімет мүшесі брифингте.

Бұған дейін келер жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге көлемінде қалатынын жаздық. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы