Елші: Қазақстан - Қытай үшін тек көрші ел емес, жақсы дос, сенімді серіктес

Екі ел арасында визасыз режим орнағалы азаматтарға үлкен мүмкіндік туды. Келер жылы екіжақты әуе компаниялары рейс санын арттыруды көздеп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар 24-ке сілтеме жасап.

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо арнамызға сұхбат беріп, ынтымақтастықтың негізгі тетіктеріне тоқталды.

Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына биыл – 32 жыл. Осы уақыт бедерінде арадағы ынтымақтастық нығая түсті. Биылдың өзінде 30-дан астам үкіметаралық құжатқа қол қойылса, 80-ге жуық коммерциялық келісім жасалған. Сондай-ақ осы жылы, елдер арасындағы тауар айналым, рекордтық деңгейге жетіп отыр. Бұл әсіресе сауда-экономикалық әріптестіктің бекігенін көрсетеді. 2023 жылы жалпы сомасы 38 миллиард доллар көлеміндегі түрлі салаға қатысты келісім жасалды.

Биылғы жыл Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың дамуына оң ықпалын тигізді. Өткен аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мені қабылдады. Біз әрбір саладағы жетістіктерге жеке тоқталдық. Биыл инвестициялық, коммерциялық және технологиялық өндіріс салаларына қатысты құны 38 миллиард АҚШ долларынан асатын екіжақты құжаттарға қол қойылды. Бұл бір жағынан Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымының рекордтық көрсеткішке жеткенін көрсетіп отыр,- дейді Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо.

Екіжақты әріптестіктің деңгейін визасыз режим көтерді десек те болады. Иә, өткен айда Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қақпа екі жаққа да айқара ашылды. Осылайша азаматтар жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды және транзиттік пен іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылды. Қазірдің өзінде Эйр Астана ұшағы Алматыдан Бейжіңге аптасына 6 рет, Ал Астанадан апта сайын қатынауда.

Визасыз режимді орнату – екі ел Президенттерінің маңызды шешімдерінің бірі болды. Ол әсіресе екі ел азаматтарына өте тиімді. Енді шекараны өту үшін кедендегі ұзын-сонар кезек болмайды. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлерінің мақсаттары да іске асады. Олар емін-еркін қозғалып, өздеріне әріптесті оңай табуға мүмкіндік алды. Бұл арқылы экономиканы арттыруға болады,- дейді Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо.

Бүгінде Қазақстан-Қытай арасында жұмыс істеп тұрған 2 теміржол бар. Жақында оның қатары тағы біреуімен толығады. Екі ел арасын жалғайтын үшінші трансшекаралық теміржол желісі - Аягөзден Бақтыға, одан әрі Қытай асып, Шәуешекке барады. Қазір «Аягөз-Шәуешек» теміржолы құрылысының техникалық экономикалық негіздемесі дайын. Құрылыс осы айда басталады деп жоспарланған. Ол жүзеге асса Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуеті артады.

Тағы бір маңызды халықаралық инвестициялық жобалардың бірі – Қазақстан мен Қытай арасын жалғайтын 3-ші теміржолы. Егер іске асса 1-2 жылда транзиттік қатынас та одан әрі дамығалы отыр,- дейді Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо.

Бүгінде Қазақстан көптеген елдермен тығыз байланыста. Дегенмен әлемдегі геосаяси жағдайларға қарамастан, Қазақстан мен Қытай өзара қарым-қатынасын тұрақтандырып алған. Оған екі ел басшыларының серіктестігі негіз.

Қазақстан бізге тек көрші ел емес, ол Қытай үшін жақсы дос, сенімді серіктес. Мәселен, ұзаққа созылған ковид кеселінен кейін Қытай Президенті Си Цзинпиннің бірінші ресми сапары дәл осы Қазақстан еліне болды. Ал биылғы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні оның Қытайға ресми сапарымен тұспа-тұс келді. Сонда Си Цзинпин өзінің жұмыс ауқымына қарамастан Қазақ басшысын құттықтау үшін басқа қаладан арнайы ұшып барды. Құттықтады. Бұл екі ел басшыларының өзара ынтымақтастығын дамытуға өз күш салып келе жатқанының айқын дәлелі,- дейді Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо.

Қазір «Бір белдеу, бір жол» жобасы да іске асып келеді. Арнайы жоба – бес ел мен Қытай елінің ортақ бағдарламасы. Ол, арадағы ынтымақтастықтың нығаюына мол мүмкіндік береді.

Биылдың өзінде май айында Сианда болған Қытай Орта Азия бестігі саммитінде Қазақстан мен Қытай арасында 47 жобаға қол қойылды. Визасыз режим орнады. Мұның бәрі нені көрсетеді? Бұл қытаймен болған қатынасымыз жылдан жылға, тіпті маусым сайын жоғары қарқынмен дамып бара жатыр деген сөз,- тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкенұлы.

Тығыз қарым-қатынасты сақтап, оны дамытып отыру – маңызды. Екі ел басшылары алдағы уақытта ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыра бермек. Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзинпинді мемлекеттік ресми сапармен Қазақстанға шақырды. Келер жылы Қытай басшысы келсе арадағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуі бек мүмкін.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Гүлжан Раманқұлова
Өзгелердің жаңалығы