4 Қараша 2026, 16:04 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Мөлдір Лезбаева

Астанадағы «ЦОН-нан» табылған сөмкеге қатысты полиция түсініктеме берді

Полиция тексеру жүргізіп, сөмкенің ішінде күмәнді заттар болмағанын анықтады.

Астанадағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірінде қараусыз қалған сөмкеге байланысты полиция шақырылды. Тексеру нәтижесінде оның келушілердің біріне тиесілі екені анықталды. Бұл туралы Астана қаласының Полиция департаменті BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін елордадағы ХҚКО-лардың бірінің аумағы қараусыз қалған сөмкенің табылуына байланысты қоршауға алынып, адамдар шұғыл сыртқа шығарылғаны хабарланған еді. Оқиға Есіл ауданында, Мәңгілік Ел даңғылы бойында болған.  

Полиция департаментінің мәліметінше, «102» арнасына ХҚКО-лардың біріндегі үстел үстінде күмәнді былғары сөмкенің қалғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел түрде полиция жасағы барған.

Қызметкерлер қауіпсіздік шараларын қабылдап, тексеру жүргізген. Нәтижесінде сөмкені келушілердің бірі абайсызда қалдырып кеткені белгілі болды.

Ведомство мәліметінше, сөмкеден күмәнді заттар табылмаған, ешқандай қауіп анықталмаған. Қазіргі уақытта ХҚКО штаттық режимде жұмыс істеп тұр.