Елордада мобильді бригадалар тәулік бойы жұмыс істеуге көшті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 14 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының (емханалардың) колл-орталықтары мен мобильді бригадалары толықтай тәулік бойғы жұмыс режиміне көшеді. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова штаб отырысында мәлімдеді.
Бүгін елорда әкімі А.Көлгінов, Денсаулық сақтау министрі А.Ғиният, Денсаулық сақтау басқармасы, емханалар мен инфекциялық стационарлар басшыларының қатысуымен эпидемиологиялық ахуал мәселелері бойынша қалалық штабтың отырысы өтті. Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша негізгі мәселелер талқыланды.
Әлия Рүстемованың айтуынша, коронавирусты жұқтыру көрсеткішінің артуына байланысты мобильді бригадалар саны екі есеге артты.
Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты 14 қаңтардан бастап МСАК ұйымдарының колл-орталықтары мен мобильді бригадалары толықтай тәулік бойғы жұмыс режиміне көшті. Елорда әкімдігі қала тұрғындарына қызмет көрсету үшін қосымша көлік бөлді. Эпиджағдайдың нашарлауына байланысты қашықтан бақылау және КВИ бар пациенттерді жеткізу жұмысы күшейтілді, – деп атап өтті Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары.
Қалада барлығы 36 МСАК ұйымы КВИ жұқтырған амбулаториялық бақылау және емдеу жүргізеді. Бүгінгі таңда елордада 13 мыңнан астам қала тұрғыны КВИ-мен амбулаториялық емделуде. Мобильді бригадалар күнінен шамамен 1500 мың науқасқа қатынайды.