Бүгiн 2026, 18:17 Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Елордада есірткі жарнамасын жою жұмыстары жүргізілді

Полиция мен ерікті жастар қала көшелерін аралап, есірткі жарнамасы бар орындарды анықтады.

Астанада есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған кезекті рейд өтті. Бұл жолы полиция қызметкерлерімен бірге ерікті жастар да көшеге шығып, қаладағы есірткі жарнамасы бар граффитилерді анықтап, жою жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шара «Астана – есірткісіз қала» тұжырымдамасы және «Заң мен тәртіп» жобасы аясында ұйымдастырылған. Оған Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, жергілікті полиция қызметі және «Астана жастары» қозғалысының еріктілері қатысты.

Алдымен барлық жергілікті учаскелік полиция өкілдері жиналып, өздеріне тиесілі аудан бойынша атқарылу керек жұмыс тәртібі туралы нұсқаулықты алды. Содан соң полиция мен ерікті жастар қала көшелерін аралап, есірткі жарнамасы бар орындарды анықтады.

Қала көшелерін аралау барысында тұрғын үйлердің қабырғаларына, қоршауларға және қоғамдық орындарға жазылған есірткіге қатысты жарнамалар анықталып, сол жерде бірден өшірілді.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жандос Сейтеновтің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Қазіргі таңда “Астана - есірткісіз қала” тұжырымдамасы мен “Заң мен тәртіп” жобасы аясында 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар жүзеге асырылуда. Осыған сәйкес біз жастар ұйымдарымен бірлесіп, қаладағы есірткіге қатысты граффитилерді анықтап, жою жұмыстарын тұрақты түрде жүргіземіз, - деді ол.

Оның сөзінше, мұндай заңсыз жазбалар көбіне учаскелік полиция инспекторлары мен жедел уәкілдердің күнделікті жұмысы барысында анықталады. Сонымен қатар тұрғындардан келіп түсетін хабарламалар да маңызды рөл атқарады.

Ал Байқоңыр ауданы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Қуаныш Мирзаев рейдтің қалай өтетінін түсіндірді.

Бүгін полиция қызметкерлері, әкімдік және ерікті жастар бірлесіп, аумақты аралау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аралау барысында есірткіге қатысты жазбалар анықталса, “102” арнасына тіркеліп, тиісті шаралар қабылданады. Қазір оларды өшіру жұмыстары қатар жүргізілуде. Профилактикалық жұмыстарды уақытылы жүргізу нәтижесінде көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда аз, - деді ол.

Бүгінгі рейдтің ерекшелігі шараға ерікті жастардың белсенді қатысуы. Солардың бірі – елордадағы мектептердің бірінде оқитын 11-сынып оқушысы Алдияр Елубаев. Ол бұл бастаманы өзінің азаматтық борышы деп есептейді.

Нашақорлыққа қарсы күрес – бұл біздің азаматтық борышымыз. Өзім жас болғандықтан, мұндай наркограффитилерді өшіріп, акцияға белсенді қатысып отырмын. Себебі қазіргі жастардың кейбірі есірткі мен алкоголь сияқты зиянды әдеттерге әуестеніп барады, - дейді ол.

Полиция өкілдерінің сөзінше, соңғы уақытта мұндай жазбалардың саны азайған.

Бұл – құқық қорғау органдары мен қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесі ,- деп атап өтті ведомство өкілдері.

Дегенмен бұл бағыттағы күрес тек осындай рейдтермен шектелмейтінін айтады. Ең бастысы – алдын алу, түсіндіру және жастардың санасын өзгерту. Өйткені есірткіге қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Еске салайық, бұған дейін Астанада айыппұлын төлемеген автокөліктер айып тұрағына жеткізілді.