Елорда. Карантиндегі көктемгі көшелер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде төтенше жағдай режимі 1 мамырға дейін ұзартылды. Кеше ел президенті ТЖ ұзартуға қатысты жарлыққа қол қойды.


Президент тапсырмасына сәйкес карантин режимі де сәуір айының соңына дейін ұзартылды.


Осыған байланысты қоғамдық көліктің жұмысы да тоқтатылды. 


Қазіргі таңда әлем бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 2 млн-нан асты. Ал елімізде 1300 адамға жуықтады. Індетпен ел дәрігерлері барынша күресіп жатыр.


Полицейлер мен әскерилер індеттің алдын алу үшін түрлі профилактикалық шаралар жүргізуде. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтап, дезинфекциялық шараларға да атсалысуда.


Осыған дейін Baq.kz карантин режимі енгізілген елорда тынысынан фоторепортаж жариялаған болатын.


Сондай-ақ, карантиннің 22-күнінен фотолар тізбегін ұсындық.


15 сәуірде ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті.


20 сәуірден бастап қатаң санитарлық-эпидемиологиялық шараларды сақтай отырып, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жұмысын қайта бастайтын кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерінің тізімін бекітті.


Нұр-Сұлтан қаласында:


өнеркәсіптік кәсіпорындар;


құрылыс және жол-құрылыс салаларының компаниялары, ірі құрылыс дүкендері;


көлік, қоймалау салаларындағы компаниялар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы сервистік компаниялар; автосалондар, ТҚС, авто жуу, дөңгелек ауыстыру сервисі, автобөлшектер дүкендері, химиялық тазалау, кеңсе техникасын жөндеу;


екінші деңгейлі банктер сағат 9:00-ден 16:00-ге дейін штат санының 50%-ын шектеумен, нотаруистер алдын ала жазылу бойынша жұмыс істейді;


қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысы тек өзімен алып кету және жеткізу қызметімен сағат 22:00-ге дейін ұзартылады.


Ал оқушылар сабақты қашықтан оқып жатыр. 6 сәуірден бері Балапан жǝне Еларна, Қазақ радиосы жǝне Классик; интернет платформалар: Kundelik.kz, Daryn.Online, Білімленд жǝне Opiq.kz, сонымен қатар жеткізу құралы ретінде Қазпошта арқылы ел оқушылары білім алуда.


Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде табыс көзінен уақытша айырылғандарға мемлекет 42 500 теңге көлемінде ең төменгі жалақы тағайындады. Осы күнге дейін 2,7 миллионнан астам адам Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты төлемдер алып үлгерді.


Полиция мен әскери қызметкерлер бірлесіп, тәулік бойы қалада патрульде жүр.


Полиция қызметкерлерінің айтуынша, елордада ұрлық, алаяқтық, бұзақылық жəне басқа да қылмыстар саны азайған.


Жол-көлік оқиғасының саны 76%-ға, зардап шеккендер 72%-ға төмендеді. Ал жол қозғалысы ережесін бұзғандар 67%-ға азайған.



Сондай-ақ, айтылған ескертулерге қарамай, карантин режимін бұзатындар жиі кездеседі.


Осы күнге дейін құқық бұзушылық бойынша полиция бөліміне 2900-ға жуық адам жеткізілген.


Қазақстанда енгізілген төтенше жағдай кезінде азық-түлік 9,3% қымбаттаған.


Биыл Рамазан айы елімізде 24 cәуір күні басталады. Қасиетті Рамазан айында індеттің таралуының алдын алу мақсатында карантин мерзімінде тарауық намазын мешіттерде жамағатпен оқылмайтынын бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтты.


Айта кетейік, енгізілген карантиндік шаралар негізінде елордадағы саябақтарға кіруге тыйым әлі күшінде.



Және қаладағы ескерткіш, монументтер айналасы да уақытша қоршауда тұр.



Бейбітшілік және келісім сарайы. "Пирамида", Астана триатлон паркіне өтуге де тыйым салынған.



Нұр-Сұлтанда 30 наурыздан бері қоғамдық көліктер өз жұмысын уақытша тоқтатты. Тұрғындар баратын жерлеріне жаяу не болмаса арнайы рұқсаты бар таксилермен жетіп алады.


Ал 22 наурыздан бері теміржол бағытындағы жолаушылар пойыздары да жүріп жатқан жоқ. Суретте "Нұрлы жол" вокзалы.


Әйтсе де "Астана Тазалықтың" қызметкерлері өз жұмыстарын жалғастыруда. Олар көше бойларында жатқан қоқыстарды сыпырып, тазалап жүр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы