Еліміздің қай өңірінің білім саласында жемқорлық көп? - Антикор жауабы

Былтыр білім беру саласында бүкілі 287 қылмыстық іс тіркелген.Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бегайдаров айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы жүйелі жемқорлық фактілерінің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. 2023 жылдың басынан бері осы салада барлығы 287 қылмыстық іс тіркелген. Олар бойынша шығын - 16,2 млрд теңге. Жымқырудың ең көп сомасы Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе облыстарында және Алматы қаласында анықталды, - деді Данияр Бегайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.

Бегайдаровтың мәлімдеуінше, қылмыс жасау барысында 386 адам әшкереленді, оның ішінде 207 адам сотталып, түрлі жазалау шараларына сотталды.

Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Жаңақорған ауданының Білім бөлімінің бұрынғы басшысына, оның қарамағындағыларға – бас бухгалтер мен бас экономистке, сондай-ақ 24 мектеп бухгалтеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Олар мектептерде іс жүзінде еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға жалақы түрімен аудару арқылы 213 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырған деп айыпталуда. Бұдан басқа, Білім бөлімінің бас бухгалтері қылмыстық жолмен алынған 6,5 млн теңге сомасындағы ақшалай қаражатты заңдастырды деп айыпталуда, - дейді ресми өкіл.

Қазіргі таңда қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Еске салсақ елімізде қай өңірдің азаматтары жемқорлық жайлы жиі хабарлайтыны, Қаржы министрлігінің шенеуніктері жемқорлықпен ұсталғандығы және спорт саласындағы бірқатар жемқорлық фактілері туралы жазған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Нұркен Алишев -архив
Өзгелердің жаңалығы