Елімізде ЖЭО-ның 76%-ы 50 жылдан астам уақыт жұмыс істеген
Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымында бірқатар өңірде болған штаттан тыс және тіпті төтенше жағдайларға байланысты Жоғары аудиторлық палата тексеру комиссияларымен бірлесіп, жылумен жабдықтау саласындағы басқарудың тиімділігіне аудит жүргізді.
Тексеру 47 мемлекеттік мекеме мен 44 табиғи монополия субъектісінде жүргізілді. 140 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты мен 480 миллиард теңге активтің игерілу тиімділігі тексерілді. Нәтижелері бойынша 23 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар (оның ішінде 6 млрд теңге бюджеттік қаражат), 37 млрд теңгеге бюджеттік қаражатты тиімсіз жоспарлау, 117 млрд теңгеге экономикалық шығын мен жоғалған пайда анықталды, - деді еліміздің бас есепшісі.
Оның сөзінше, 2020-2022 жылдар аралығында жылумен жабдықтау объектілерін салуға, қайта жаңартуға және жөндеуге 250 миллиард теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 84 миллиард теңге бөлінді.
ЖЭО негізгі жабдықтарының тозуының жоғары деңгейі – республика бойынша орта есеппен 66% және жылу желілерінің тозуы – 54%. ЖЭО-ның жалпы санының 76%-ының қызмет ету мерзімі 50 жылдан астам, 24%-ы – 30 жылдан астам. ЖЭО-ның орташа қызмет ету мерзімі – 61 жыл. Жыл сайын апатты орталықтар саны артып келеді. Тек 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда олардың саны 22%-ға өсті, - деді Годунова.
Бүгін Мәжіліс «Жылумен жабдықтау саласындағы басқарудың, тартылған қаржы қаражатын жылу энергиясын өндіру және беру объектілерінің нысаналы пайдалануы мен инвестициялық бағдарламаларды орындауының тиімділігіне мемлекеттік аудит» атты аудиторлық іс-шараның қорытындысы бойынша Жоғары аудитор палатасы төрағасының есебін тыңдап жатыр.