Елімізде жаһандық жасыл өсу институты құрылады
Бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетерлігі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев «Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын талқылауға ұсынған болатын.
Ұсынылып отырған заң жобасының негізгі мақсаты – экономикалық көрсеткіштер мен экологиялық тұрақтылықты сақтау. Сондай-ақ жасыл өсуді ілгерілетумен айналысатын халықаралық ұйымдармен және халықаралық институттармен ынтымақтастыққа бағытталған экономикалық өсудің жаңа моделін – «жасыл өсуді» әзірлеу және қолдану үшін жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімге Қазақстан Республикасының қосылуы, - деп атап өтті сенатор Әбдәлі Нұралиев.
Айтуынша, институттың негізгі қызметі - ресурстық жағынан тиімді инвестицияларды, инновацияларды тарту, өндіріс пен тұтынуды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында жасыл экономиканы дамыту жөніндегі ұлттық жоспарларды әзірлеу және іске асыру. Сонымен қатар зерттеулер жүргізу жолымен дамушы елдердің тұрақты дамуына және жасыл өсуіне ықпал ету.
Осы Келісімді ратификациялау қандай да бір міндеттемелерді қабылдамай, техникалық көмекті тарту мүмкіндігімен сараптамалық әлеуетке және институттың жинақталған білім базасына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осы ретте, кәзіргі уақытта, Қазақстан Республикасы көміртекті бейтараптыққа қол жетізу мақсатында, кешенді жұмыстар жүргізуде. Осыған байланысты, Үкімет халықаралық қаржы құралдарымен, қорлармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты жан-жақты арттыруы керек, - деді сенатор.
Белгілі болғандай, заң жобасы жұмыс тобында, комитет отырысында, Сенаттың тұрақты комитеттерінде жан-жақты қаралды. Заң жобасының қабылдануы теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді.