Елімізде сәбилер өлімі айтарлықтай азайды - неанотолог
Бүгінде шала туған нәрестелер – медицинаның ғана емес, қоғамның да өзекті мәселесіне айналып отыр. Еліміздегі шала туған нәрестелердің өлім-жітімі қандай деңгейде? Жүктіліктің қайғылы аяқталуына себеп не? Осы және өзге де сұрақтарға Катамнез орталығының директоры, неанотолог-дәрігер Балжан Татибековамен жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Балжан Нұрланқызы, еліміздегі нәрестелер өлімінің көрсеткіші қандай?
- Қазақстандағы нәрестелер өлімінің көрсеткіші 2008 жылдан бері төмендеп келеді. Оған мемлекетіміздің шала туған нәрестелерге күтім жасауға қомақты қаржы салуы ықпал етті. Яғни іс жүзінде шамамен үш есе төмендеді. Қазіргі уақытта шамамен 7-8 промиль. Бұл – орташа көрсеткіш. Оны тағы да төмендету үшін мемлекет тарапынан тағы да үлкен қаражат салуы қажет.
- Қазақстандағы жаңа туған нәрестелердің өлімінің негізгі себебі неде?
- Еліміздегі жаңа туған нәрестелердің өлімінің негізгі себебіне – перинаталдық кезеңде асфиксия, түрлі геморрагиялық құбылыстар, пневмония мен қан кетулер жатады.
- Жалпы, заңдық көзқарас тұрғысынан ұрық бала деп саналады және құқыққа ие болады? Шала туған сәби қандай мерзімде туылса, қалыпты өмір сүруге деген мүмкіндігі көбірек?
- Физикалық көзқарас тұрғысынан ұрық 22 апта және салмағы 500 грамм болғанда бала деп саналады. Осы кездің өзінде-ақ оның заңдық тұрғыдан барлық құқығы, ең бастысы, өмір сүруге деген құқығы бар деп есептеледі. Әрине, 22 апта деген ондай балалар үшін өте аз мерзім. Толықтай айы-күні жетілмегендіктен, денсаулығындағы мүгедектікке деген қауіп өте жоғары. Өткенде орталығымызға сондай бір сәби түсті. Оған концентраттар жазып, сәбидің өмірі үшін күрестік. Негізінен әлемде 22 аптадан 24 аптаға дейін белсенді күтімді ешкім жүргізбейді. Тек 24 аптадан бастап қана қалыпта адамды өсіруге деген мүмкіндік бар.
- Қазақстанда шала туылып, тірі қалған сәбидің ең аз болған салмағы қанша? Өз тәжірибеңізден айта кетсеңіз...
- Республикамызда шала туылып, әрі қарай өмір сүріп кеткен нәрестенің ең минималды салмағы дейсіз бе? Негізінен бұл тұрғыда мәселе салмақта емес, сәбидің мерзімінде, неше апта болып туылуында деп айтар едім. Бала неғұрлым ертерек туылған сайын оның жетіліп, дамуы да соғұрлым төмен болып келеді. Сондықтан шала туған сәбидің салмағына емес, неше аптада туылуына қарау керек. Біздің тәжірибемізде 22-24 аптада туылып, адам болып кеткендер бар. Біздің орталығымызда былтыр сондай 5 нәресте өтті. 22 аптадан бастап туылған нәрестелерге күтім жасап, әрі қарай адам болып кетуіне үлес қостық.
- Қазақстандағы перзентханаларда осындай ерте мерзімде дүниеге келген, шала туған нәрестелерді күтуге арналған жабдықтар мен мамандар жеткілікті ме?
- Жалпы алғанда, перзентханаларда негізгі құралдар: өкпені жасанды желдету, кувез аппараттарымен жабдықталған. Бірақ бұл жабдықтарды уақыт өте келе жаңалап отыру қажет. Олар ескіреді. Ал қанша жерден мамандар жеткілікті дегенімізбен, неонаталдық практикада мамандар көп жағдайда жұмыс жүктемесіне шыдай бермейді. Өйткені бұл өте ауыр мамандық.
- Егер бала жаңағы сіз айтқан мерзімдегідей мерзімінен бұрын дүниеге келсе, ата-анасы қандай әрекет еткені жөн? Қайда жүгініп, неге дайын болғаны дұрыс? Сондай ата-аналарға психологиялық көмек көрсететін орталықтар бар ма?
- Мерзімінен бұрын дүниеге келген нәрестелердің ата-аналарына стационардан шығарылған соң көмек беретін орталық бар деп айта аламын. Қазіргі таңда Катамнез орталығы жұмыс істейді. Орталық біртіндеп дамып келеді. Ата-аналар біздің Катамнез орталығымыздан барлық тар бағыттағы мамандық иелерінің қолдауын алады. Атап айтқанда, орталығымызда неонатолог, педиатр, кардиолог, офтальмолог, генетик, невропатолог, кинезиотерапевт, хирург сынды мамандар бар.
Сондай-ақ біздің орталығымыз түрлі бағытта диагностикаларды жасап, оларды нақтылауға ерекше назар аударады. Ерте және дұрыс жасалған диагностиканың арқасында біз токсоплазмоз сынды ауруларды дер кезінде анықтауды қамтамасыз етуге қабілеттіміз. Бұл тек тиімді емдеу стратегиясын жасап қана қоймай, нәрестенің дені сау болашағы үшін жағдай жасай отырып, бала мен оның отбасының әрі қарай даму тактикасын жолға қоюға себепші болады.
Тағы бір айта кететін жайт, Катамнез орталығы баланың алдағы болашақтағы денсаулығы қалыптасатын өмірінің алғашқы екі жылына ерекше назар аудара отырып, ерте бала денсаулығын қолдау мен дамуы үшін белсенді жұмыс істейді.
Катамнез орталығы балалардың деректерін талдау отырып, ретроспективті, сондай-ақ проспективті түрде әрекет етеді. Бұл олардың медициналық мұқтаждықтарын жақсы түсініп, анасының келесі жүктілігін жоспарлау үшін қажет. Баланың өмірінің алғашқы екі жылы өте маңызды. Себебі осы кезеңде нерв талшықтарының миелинизация процесі аяқталады. CDC мен АҚШ-тың денсаулық сақтау министрлігі таратқан деректерге сүйенсек, мысалы, АҚШ-та әр алтыншы балада үш жасқа қарай қандай да бір патология диагностикаланады екен. Балаға ертерек қолдау көрсету мен кешенді тәсілді қолдану мамандарға баланың дені сау болып дамуының берік негізін құруға көмектеседі.
Сөз арасында балаларының денсаулығын бізге сеніп тапсырып, біздің жұмысымызға сенім артқан әрбір ата-анаға алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің қосқан үлестеріңіз бізге болашақ ұрпақтың дені сау келешегі үшін тиімді медициналық қолдауды жетілдіруге көмектеседі.
- Мерзімінен бұрын баланы дүниеге әкелудің себебі неде? Оның алдын алуға бола ма?
- Баланың нәрестеге мерзімінен ерте келуі – әрине, оның ата-анасының денсаулығындағы кінәрат себебінен, жүктілікті дұрыс жоспарламаудан немесе мүлдем жоспарламаудан болады. Жүктілікті жоспарлау – бұл айы-күні жетіп, дені сау сәбидің дүниеге келуінің кепілі.
- Әңгімеңізге рахмет!