Елімізде IT-қызметтердің экспорты 20 есе артты
Қазақстан әлемде цифрландыру саласы дамыған ең озық 30 мемлекеттің қатарына кіреді және онлайн-қызметтер көрсету бойынша 8-ші орында. Бұл туралы үкімет отырысында Премьер - министр Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біздің елімізде роботтандыру және жасанды интеллект технологиялары орнықты дамуда. Күнделікті өмірдегі қызметтердің цифрлық трансформациясы жалғасып жатыр. Қажетті заңнамалық база құрылып, оны үнемі жетілдіру жұмыстары жолға қойылды. Цифрлық трансформация тұжырымдамасы қабылданды, сондай-ақ венчурлік нарықты және стартап-экожүйені дамыту үшін қолайлы экономикалық жағдайлар жасалды. Астана-хаб технопаркі көптеген стартаптар үшін шын мәнінде инновациялық кластерге әрі ең негізгі әріптеске айналды. Бұл алаңда 1,5 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеуде. Өткен аптада мен Астана-хабқа арнайы барып, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы отандық жобалармен және стартаптармен таныстым. Бұл салаларда нақты жетістіктер бар. Біз алдағы уақытта да IT-технологиялар мен көрсетілетін қызметтер саласын белсенді қолдайтын боламыз, - деді Олжас Абайұлы.
Үкімет басышысының айтуынша, 5 жылда отандық IT-қызметтердің экспорты 20 есеге ұлғайып, осы жылдың қорытындысы бойынша 600 млн доллардан асты.
Өңірлік акселерациялық бағдарламаларды және басқа елдердегі жаһандық әріптестік желіні дамыту саясатын одан әрі жалғастыру керек. Мемлекет басшысы 2029-шы жылы цифрлық технологиялардың экономикаға қосатын үлесін 1%-ға дейін, ал ІТ-қызметтердегі жергілікті үлесті кемінде 80%-ға жеткізу міндетін қойды. Оған қол жеткізуде IT-хабтар мен венчурлік қорлар басты драйверлерге айналуға тиіс. Соңғы алты жылда Қазақстанда венчурлік қаржыландыру көлемі 6 еседен астам өскен. Әрі қарай өсу үшін біз осы саладағы озық сарапшыларды тартуымыз керек. Бұл орайда білім беру бағдарламаларын дамытып, ірі бизнесті тарту және сауатты цифрлық инфрақұрылым құру жұмыстарына жете көңіл бөлу қажет. Сонымен қатар Президент жасанды интеллектті дамыту міндетін қойды, - деді Бектенов.
Олжас Бектенов ЖИ-ге қатысты заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатқанын айтты.
Келесі жылы Астанада Жасанды интеллект орталығын іске қосу жоспарлануда. Цифрландыру министрлігі бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы керек. E-commerce, BigData, GameDev, Fintech, MedTech пен басқа да серпінді жобалардың экспорттық әлеуеті жоғары. Олардың белсенді дамуы 2026-шы жылға қарай ІТ-өнімдер мен қызметтер экспортын 1 миллиард долларға дейін өсіруге ықпал етпек. Сондықтан көптеген бағыт бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Осы орайда мына мәселелерге назар аударғым келеді, - деді Үкімет басшысы.
Еске сала кетейік, осыған дейін Үкіметте теміржол вокзалдары мен станцияларының жағдайы сын көтермейтіні туралы айтылды. "Қазақстан темір жолы" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев неге пойыздар жиі кешігетінін түсіндірді. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Көлік министрінен туристік жолдардың сапасы туралы сұрады.