Елімізде инфекциялық стационарларда емделушілер саны күрт артты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында  Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлады. 

Оның айтуынша,  денсаулық сақтау ұйымдарында індет жұқтырған 152 мыңға жуық адам ем қабылдап жатыр. 

Денсаулық сақтау ұйымдарында  КВИ ауырған 152 мыңға жуық пациент емделіп жатыр. Оның ішінде 93%-ы, яғни 141 156 пациент амбулаториялық және 7%-ы, 10 571 адам стационарлық деңгейде емделуді жалғастыруда. Бұл ретте, соңғы екі аптада инфекциялық төсектердің қамтылуы 31-ден 38%-ға дейін 1,2 есеге, реанимациялық төсектерді қамту 17-ден 23%-ға дейін 1,3 есеге ұлғайды, - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі. 

Сонымен қатар ведомство басшысы қай өңірлердің инфекциялық стационарлары толғанын алға тартты. 

Соңғы 10 күнде инфекциялық төсектердің толықтырылуының артуы Қостанай облысында - 2,3 есеге, Шығыс Қазақстан облысында - 1,8, Жамбыл облысында - 1,7 есеге, реанимациялық төсектердің Маңғыстау облысында - 7,2, Ақтөбе облысында - 2,8, Батыс Қазақстан облысында - 2,3 есеге өсті, - деді Ажар Ғиният. 

Еске сала кетейік, бұған дейін бір аптада 44 мыңға жуық бала коронавирусқа шалдыққаны туралы жазған болатынбыз. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы